Алматы қалалық және Алматы облыстық колонияларында кәсіпкерлерге ашық есік күні өтті

Алматы қалалық және Алматы облыстық колонияларында кәсіпкерлерге ашық есік күні өтті
Сурет: Polisia.kz

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде өндіріс орындарын және жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ сотталғандарды жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында облыс және қала кәсіпкерлері үшін ашық есік күні өткізілді.

Аталған департаменттің және Алматы облысы мамандандырылған прокуратурасының бастамасымен өткізілген ашық есік күні №10, №12, №14 және №57 мекемелерінде ұйымдастырылып, сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда, департаментке қарасты мекемелерде жазасын өтеп жатқан 1300 сотталған жұмыспен қамтамасыз етілген және мекемелер аумағында 50 жеке кәсіпкерлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс істейді.

Олар 600-ден аса сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорындар негізінен металлконструкциясымен, ағаш өңдеу, тігін және жасанды тері бұйымдарын шығарумен айналысады.

«Мекемелер аумағындағы өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында ұйымдастырылған ашық есік күніне Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының, “Қонаев қаласы бойынша мансап орталығының”, “Қонаев қаласының кәсіпкерлік бөлімінің” және Алматы облысындағы ірі кәсіпорындар мен шағын бизнес өкілдері қатысты. Олар мекемелердегі жұмыс істеп тұрған объектілер мен бос үй-жайларды аралап, өндірілетін өнімдермен танысты», – деп атап өтті ҚАЖД бастығының орынбасары Руслан Габибов.