Алматының ауасын қалай тазартамыз?

Алматының ауасын қалай тазартамыз?
azattyq-ruhy.kz

Алматы ауасының ластануы көптен бері шешілмей келе жатқан күрмеуі қиын мәселеге айналғалы біраз уақыт болды. Аспанымыздың көк түске боялған бейнесін тек жаңбыр жауғаннан кейін ғана көре аламыз. Ал көбіне көк түтін торлап жатқанын көзіміз шалады.

Қоршаған ортаға залал келтірмеу – парыз

Кейде күнделікті күйбең тіршілікте аспанға қарайтын шамамыз да болмайды. Таңғы сағат 9-да жұмысқа келіп, кеш батысымен үйге асығып, шаруаларды атқарып, күнімізді батырып келеміз. Зуылдап өткен күндерімізде табиғаттың нендей күйге түсіп, жойылып жатқанынан бейхабар болатынымыз тағы бар. Мамандардың пікірінше, ауадағы зиянды заттардың шамадан тыс артуы жиілеген. Мегаполисте көліктердің көптігі, қаланың географиялық орналасуы да ауаның алмасуына кедергі келтіріп жатқанын хабарлауда. Олардың сөзінше, жеке сектордың көгілдір отынға көшпеуі де мәселені ушықтырып отыр. Әсіресе, Екінші жылу электр орталығынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың үлесі басым. Осы ретте қалада күнделікті қатынайтын кейбір жүк көліктерінің шамадан тыс зиян келтіріп, қара түтінді будақтатып, көзімізге, тыныс жолымызға зиян келтіретінін көріп жатамыз. Әрине, олардың да иесін түсінуге болады, күнкөрістің қамымен көліктерінің қалай ескіріп жатқанын байқамайды. Байқаса да, қаражаттың жетіспеушілігі сынды мәселелерден көліктерін жаңартуды мүлдем естен шығарып алады. Алайда, қаражаттың кесірінен тылсым табиғатымызға зиян келтіру ақымақтық екендігін ұғыну қажет деп санаймын. Елімізде эпидемиялогиялық жағдай ұшығып, халықтың басым көпшілігі үйлерінде отыруды міндеттегені әлі есімде. Сол кездерде жолдар жабылып, бекеттер қойылған болатын. Қала тып-тыныш адамдарсыз жаңа өмірін бастаған еді. Аспан ашылып, шөптер өсіп, көлдер тазарып, тіпті асфальттің бетін қақ жарып гүлдердің өскенін де көрдік. Әрине, бұл бейнені көзбен көру бақыты бұйырмады, оны тек отандық арналардан ғана тамашалай алдық. 

Статистика не дейді?

Сондай-ақ, қаладағы 16 бекеттің нәтижесін саралаған мамандар соңғы уақытта көрсеткіштердің белгіленген мөлшерден асып кеткенін айтып, дабыл қағуда. Әсіресе, ауадағы күкірт тотығының орташа тәуліктік шоғырлануы қалыпты нормадан көп дейді мамандар.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, стационарлық көздерден шығарылатын жалпы шығарындылардың көлемі 2015 жылы – 39,1 мың тонна, 2016 жылы – 38,8 мың тонна, 2017 жылы – 41,1 мың тонна, 2018 жылы – 43,0 мың тонна, 2019 жылы – 46,1 мың тонна, 2020 жылы – 44,5 мың тонна, 2021 жылы – 40,8 мың тонна болған деседі.

Алматы қаласында тіркелген автокөліктер: (жеңіл, жүк көліктері, автобустар, арнайы) бензинмен – 447 508 бірлік, дизельдік отынмен – 43 837 бірлік, газбен – 1460 бірлік, аралас – 17 120 бірлік, электрмен – 140 бірлік жүретіндігі анықталған.

Экологиялық посттар жұмыс істейді

Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XVIII сессиясы өтіп, онда депутаттар Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарының жобасын қабылдады. Жоспарда Қалқаман стансасынан "Барлық" базарына "Алтын Ордаға" дейін ұзындығы 5,2 шақырым болатын бірінші метро желісінің үшінші кезегінің құрылысы қарастырылған.

ЕВРО-5 экологиялық таза отынға көшу, қаланың автобус паркін жаңарту, осылайша 352 автобус сығымдалған газбен (CNG), ал дизельді автобустардың 5-ші буын – 1668 бірлік, сонымен қатар 160 заманауи энергия үнемдейтін троллейбустар және 14 электр автобустары 100 бірлік халыққа қызмет көрсету үшін «Эко-Такси» жеке тасымалдаушысына берілді. Қала әкімдігі газды пайдаланатын автобус парктерін одан әрі жаңарту немесе электрлі автобустарға көшу міндетін алға қойып отыр.

Қалаға кіреберісте автокөліктердің пайдаланылған газдары түтінен бақылау жүргізіліп, 10 стационарлық экологиялық посттар ұйымдастырылып, жұмыс істейді. Шымбұлақ трассасына көліктердің кіруіне шектеу қойылды және Медеу–Шымбұлақ автобустары мен жолаушылар бағыты газ отынымен жүретін таксилер мен шағын автобустармен ұйымдастырылған.

Қалдықтардан пайдалы өнім алуға болады

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алматыда тіркелген 553 мың автокөліктің 50 пайызы ескірген. Оған төменгі аудандардың әлі де көмір тұтынып отырғанын қосыңыз. Ал жылу электр орталығынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтар тіпті орасан. «Тығырықтан шығар жол бар», – дейді отандық ғалымдар. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты ірі өндіріс ошақтары мен автокөліктерге арналған улы қалдықтарды бейтараптандыратын сүзгі ойлап тапқан.

«Институт ғалымдары көмірді қолданатын кәсіпорындарға зиянды қалдықтарды толығымен тазартуға мүмкіндік беретін сүзгілерді орнатуды ұсынады. Есесіне, жылу электр орталығы жыл сайын ауаға шығаратын сол 42 мың тоннаны пайдалы өнімге айналдыруға болады. Мәселен, қалдықтардан қала құрылысына қажетті 160 тонна гипс алуға болады. Бұл сүзгілер жылу орталығын көмірден көгілдір отынға ауыстыруға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі», – деді Д.В.Сокольский атындағы ЖКЭ институты бас директорының орынбасары Болатбек Хусаин.

Ластаушы заттардың шығарындыларын азайту мақсатында Алматы ЖЭО-1 жұмысының  99,2%-ы газға толықтай көшірілген.

2-ЖЭО-ны жаңғыртудың, қоршаған ортаға әсерін барынша азайтумен газға көшу техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Техникалық-экономикалық негіздеме тапсырыс беруші «Алматы электр станциялары» АҚ-на бекітуге ұсынылды.

Жалпы, қаладағы «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС-не қарасты 86 қазандықтың 85-і газдандырылған, 1-і электр қуатымен, 1-і көмірмен жұмыс істейді. Сонымен қатар, 49 қазандық білім беру ұйымдарында мектептер, балабақшалар, 14 қазандық негізінен қосылған аумақтарда газ және резервтік дизель отынымен жұмыс істейтін денсаулық сақтау нысандары емханалар, перзентхана болып табылады.

Жеке тұрғын үйлерден ауаның ластануын барынша азайту үшін тұрғын үй секторын газдандыру жалғасуда. Бүгінде қала тұрғындарының 99 пайызы газбен қамтылған. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы саяжай аумағында 1646 газдандырылмаған тұрғын үй және 1763 үй бар.

Алматы әлемдегі экологиясы ең қауіпті жүз қаланың қатарында. Бір қала тұрғынына шаққанда абаттандырылған көгалдандыру көлемі – 8,2 м² болуы шарт. Бірақ бұл көрсеткіш бойынша да мегаполис бірқатар қалалардан айтарлықтай артта қалып отыр. Бүгінде алып шаһарда 2,5 миллионнан астам ағаш болса, соның 54 мыңы апатты жағдайда және ауруға шалдыққан. Табиғат жанашырлары жасыл желектерді отағанды дереу тоқтатпаса, ауада қалқып жүрген зиянды заттармен күресу екіталай екенін айтады. Өйткені, ағаштар көмір қышқыл газын бойына сіңіріп, орнына оттегін бөледі. Сол себептен, өз қолымызбен ағаш отырғызып, гүлдер егіп, айналамызды құлпыртар болсақ, ауамызда тазарып, ластанудың алдын алар едік деген ойға келеміз.

 

Тақырыпқа орай

Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, эколог, табиғат жанашыры: Ағаштарды кесуге болмайды

Кеңес Одағы кезінде Алматының экологиялық ахуалына зерттеу жүргізілді. Сол зерттеу қорытындысында қала халқының санын 700 мыңнан асырмауға кеңес берілді. Өйткені, Алматы сеймикалық қауіпті аймақта орналасқан. Егер жойқын жер сілкінісі бола қалса, ғимараттар қирап, мыңдаған адам шығыны болары сөзсіз. Бірақ мұны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Қазір халық саны 2 миллионнан асады, қала бұдан әрі өсе береді. Биік ғимараттар салынып, құрылыс үшін қаншама ағаш кесіліп жатыр. Қазір зиянды қалдықтарды жұтып, бізді сақтап тұрған – осы ағаштар.

 

Айымгүл КЕРІМРАЙ, эколог-зерттеуші: Экология саласында үздік әдістерді пайдалану қажет

Алматыда жасалатын мониторингтің ағымдағы жүйелері ластанған ауаның жаппай шоғырлануын ғана өлшейді. Алдағы уақытта біз РМ2,5 бөлшектерін сынамаға алып, олардың химиялық құрамын талдауды жоспарлап отырмыз. Бұл ұсақ бөлшектерді зерттеу өте маңызды. Себебі, олар өкпеге терең түседі, қанға еніп, ағзаға кері әсер етеді. PM2,5 бөлшектерінің тәуліктік шекті дозасы өкпенің қатерлі ісігі, тыныс жолдары аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, инсульт және басқа аурулардан мезгілсіз қайтыс болу қаупін арттырады. Ластанған ауа ең бірінші кезекте балалар мен қарт адамдар үшін өте қауіпті. Біз бұл бөлшектерді жинап, арнайы құралдар арқылы зерттейміз. Яғни РМ2,5-ті ауаға ең көп мөлшерде көліктер, жекеменшік үйлер немесе 2-ЖЭО-ның қайсысы таратып отырғанын анықтаймыз. Ол үшін бізге ғылыми-химиялық зертхана қажет. Әзірге Қазақстанда мұндай зерттеуді ешкім жасамады.