«Алматы Аренаға» «жарылғыш зат қойған» Ресей азаматы ұсталды

«Алматы Аренаға» «жарылғыш зат қойған» Ресей азаматы ұсталды
сурет: ашық дереккөз

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алматыда жарылғыш зат туралы жасырын қоңырау шалған Ресей Федерациясының азаматы ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Мамырдың бірінші күні Алматы полиция департаментінің қызметкерлері мәскеулік әріптестерінен «Алматы Арена» мұз сарайында жарылғыш зат туралы хабарлаған белгісіз ер адамның қоңырауы жазылғаны туралы ақпарат алған.

«Алғашқы шаралар аясында қаланың төтенше жағдайлар қызметі жарылғыш және кинологиялық бөлімшелерді тарта отырып, ғимарат пен оған іргелес аумаққа тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш құрылғылар табылмады», - делінген ҚР Терроризмге қарсы орталығының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ресей Федерациясының азаматы анықталып, ұсталды.

Сонымен бірге, оның бұған дейін Ресейдегі оқу орындарына да бірнеше рет осындай қоңырау шалғаны белгілі болды.

Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабының 1-бөлігі «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.