АҚШ Президенті толық медициналық тексерістен өтті

АҚШ Президенті толық медициналық тексерістен  өтті
Сурет: Aa.com.tr

Джо Байденнің денсаулығында кінәрат жоқ.

АҚШ Президенті Джо Байденнің денсаулық жағдайы жақсы және өз міндеттерін жүйелі орындау үшін барлық күш-жігері жеткілікті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бейсенбі күні дәрігерлер Вашингтон ауруханасында АҚШ-тың 80 жастағы басшысын толық медициналық тексерістен өткізді. Бұл - Джо Байденнің президенттік қызметке кіріскеннен бергі екінші тексерісі.

Медициналық тексеріс АҚШ президентінің бұрынғы ауруларын анықтау мен қазіргі денсаулық жағдайын бақылау мақсатында жүргізілген.

«Өзінің толық қызметтік міндеттерін орындауға Президенттің күш-жігері жеткілікті», - деп жазды Ақ үй дәрігері Кевин О'Коннор өзінің қызметтік жазбасында.

Құжатқа сәйкес, Джо Байден қазіргі уақытта жүректің тұрақсыз соғуы, жоғары холестерин, эпизодтық қышқыл рефлюксі, маусымдық аллергия, омыртқа артриті және аяқ буындарындағы нервтік жүйелердің зақымдануы дерттері бойынша ем қабылдап жатыр. Дегенмен оның жағдайы тұрақты.

Медициналық тексеру кезінде Джо Байденнің инсульт немесе Паркинсон сияқты неврологиялық аурулармен ауыратынын анықтау мақсатында күрделі зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде дәрігерлер АҚШ президентінің аталған дерттермен ауырмайтынын растады.

Соңғы сайлау кезінде Джо Байден саяси қарсыластарының ақыл-ой кемшіліктері ауруымен сырқаттанады деген мәлімдемелерін жоққа шығарып, когнитивті тесттен бас тартқан болатын.