Ақпараттық салада бүгінде цифрлық масс-медиа үстемдік құрып отыр

Ақпараттық салада бүгінде цифрлық масс-медиа үстемдік құрып отыр
Сурет: Internews.kz

Президент реформалары: айтылды – жасалды

Қазіргі әлем – ақпарат әлемі. Ал оның шындығы мемлекеттер мен қоғамдардан осы салаға жіті де жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Қазақстан бар сын-қатерлерді жақсы түсінеді және ақпарат кеңістігін еркіндікті толық қамтамасыз ететіндей және қауіпті хаосқа жол бермейтіндей етіп дамытуға ұмтылады.

Қазақстан Конституциясында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі» делінген. Президент (Конституцияның кепілі ретінде) наурыз айындағы Жолдауында бұл тақырыпты дамыта түсті. Ол еліміздегі одан әрі демократиялық қайта құрулар тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін еместігін айтып, «БАҚ туралы» Заңды «мемлекет мүддесін, қоғам сұранысын және медиасаланы дамыту үрдістерін ескере» отырып, қайта қарау міндетін қойды.

«Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасы және оған қатысты басқа да құжаттар кеңінен талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылды. Осы заң қабылданғаннан кейін БАҚ туралы қолданыстағы заңнама 50 пайыздан астамға жаңартылады деп болжанып отыр.

Өзгерістер, атап айтқанда, мемле­кет пен БАҚ арасындағы өзара іс-қимылдың ескірген тәсілдерін қайта қарауға бағытталған. Әңгіме мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тетігін түбегейлі трансформациялау туралы болып отыр. БАҚ-ты гранттық қаржыландыру моделіне кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру ұсынылады. Журналистер қоғамдастығының қызметін құқықтық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Журналистерді кәсіби аккредиттеудің жаңа тетігі әзірленуде.

Ақпараттық салада бүгінде цифрлық масс-медиа үстемдік құрып отыр. Әртүрлі сарапшылық институттар қазақстандықтардың жаңалықтарды қайдан алатыны туралы жиі сауалдама жүргізеді. Осындай әлеуметтік өлшеулердің нәтижелері мынадай жалпы үрдісті көрсетеді: әлеуметтік желілер, блогерлер, мессенджерлердегі ақпараттық арналар және басқа да онлайн платформалар барған сайын жаңалық көздеріне айналуда. Мұның қауіптілігі сол, «жаңа медианы» құқықтық реттеуде әлі күнге елеулі олқылық бар. Мұның өзі фейктерге, айла-шарғыларға, жауапсыз ақпарат жіберуге жағдай жасайды. Жаңа заңнама осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс.

2022 жылдың тағы бір маңызды эпизоды – Қазақстанның ақпараттық доктринасының әзірленуі. Бұл құжат қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында мемлекеттік ақпараттық саясаттың идеологиялық құрамдас бөлігін айқындайды, ақпараттық саланы одан әрі ырықтандыру  бағдарларын береді. Доктринаның түпкі мақсаты – мемлекет пен қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.