Ақиқаттан айнымаған Ұлт ұстазы

Ақиқаттан айнымаған Ұлт ұстазы
almaty-akshamy.kz

5 қыркүйек Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, ақын әрі аудармашы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні.

Қазақтың тәуел­сіз болуын, мәдениеті мен өркениеті ар­қылы заманауи елдердің қатарынан орын алуын армандаған зиялылардың көш басын­да тұрған ұлт жанашыры туралы білгіміз келетін ақпарат әлі де көп. Ұлт ұстазының туған күні қарсаңында біз Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры Досалы САЛҚЫНБЕК ағамызбен жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Досалы Исаханұлы, Ахмет Байтұрсынов – Ұлт ұстазы десе, құлағы елең етпейтін қазақ жоқ шығар! Дейтұрғанмен, қалай ойлайсыз, Ұлт ұстазының мұраларын толық танып болдық па? Бүгінгі жас ұрпаққа жеткізілуі қай деңгейде?

Сұрағыңызға, ұлт ұстазының:

«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бір күншіл, менікі – ертеңгі үшін»,

деген өлең жолдарымен жауап беруден бастайын. Ұлт ұстазының бүгінгі ұрпаққа қалдырған ғылыми мұрасы өз құндылығын еш уақытта жоғалтпақ емес. Қайта оны терең таныған сайын оның маңызы одан сайын артып келеді. Қайраткер Ресей империясының билігі және кеңестік билік кезінде көп қуғындалды. Басқан ізі аңдулы болды. Бұл оның еркін түрде көсіліп, жұмыс істеуіне көп кедергі келтірді. Сонымен қатар, ол 1929 жылы және 1937 жылы тұтқындалғанда НКВД-ның жендеттері оның үйін түгел тінтіп, көптеген еңбектерін, қолжазбаларын алып кеткен. Көптеген еңбектерінен осылайша айырылып қалдық. «Үмітсіз шайтан» дейді ғой халқымыз, ахметтанушы ғалымдарымыз бұл салада ізденісті жұмыстарды жалғастырып келеді.

Алла қаласа, Ахмет атамыздың там-тұмдап болса да кейбір еңбектері табылып жатса, соның өзі үлкен рухани олжа болар еді. Ал енді бүгінгі ұрпаққа ұлт ұстазының мұраларын оқыту, насихаттау, санасына жеткізу жолында көп жұмыстарды атқару міндеті алдымызда тұр. Әлеуметтік желіден, ұлтжанды азаматтарымыздың 1 қыркүйек – Білім күнін Ахмет Байтұрсынұлы күні деп атау жөнінде ұсыныстар тастап жатқанын көріп қалдым. Өте орынды ұсыныс! Үздік оқитын мектеп оқушылары Ахмет аталарының суреті бейнеленген алтын түстес белгіше (значок), орташа оқитындар күміс белгіше тағып жүрсе, қандай жарасымды болар еді.

Ұлт ұстазының бейнесін кеудесінде тағып жүру қандай мақтаныш десеңізші! Осындай танымды-тәрбиелі жұмыстарды қолға алуды Оқу-ағарту министрлігіне құлаққағыс етеміз. Республикамыздағы барлық мектептерде «Ахметтану» орталықтары ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт ұстазының баға жетпес мұраларын бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізудің аса маңыздылығын түсінген адамға атқарылар жұмыстар жеткілікті...

– Досалы аға, Ахмет атамызды ағартушы-педагог, қазақ тіл білімі мен әдебиеттену ғылымының негізін салушы ғалым, ақын ретінде білеміз де, саяси қайраткерлік жолы қалтарыста қалып қойған секілді. Бұл жөнінде не айтасыз?

Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ білімі мен ғылымының Хантәңірі болумен қатар, қоғам және мемлекет қайраткері болды. ХХ ғасырдың бас кезінен бастап, халқымыздың басқа да қайраткерлерімен иық тіресе отырып, қазақ жері үшін күресті. «Жер мәселесі – қазақтың тірі, я өлі болу мәселесі» деді. Бұл мәселенің артында тіл мәселесі, халқымыздың ұлт болып ұйысу мәселесі, елдігімізді қорғау мәселесі тұрды. Қазір де солай. Осы жолда қазақ қайраткерлері 1905 жылы «Алаш» саяси ұйымын құрған болатын. Ұлт ұстазының «Қазақ» газетін ұйымдастырып ашудағы басты мақсаты да қараңғылықта ұйықтап жатқан халқын, маса болып ызыңдап оятумен қатар, саяси санасына қозғау салып, бостандық жолындағы қасиетті күресте жол көрсету болғанын да естен шығармайық. Осы «Қазақ» газеті кейіннен «Алаш» партиясының ресми органына айналды емес пе! 1917 жылы шілде айында бірінші жалпықазақ құрылтайында бұл саяси ұйым қазақ жеріндегі тұңғыш құрылған ұлттық негіздегі «Алаш» саяси партиясы болып құрылды.

Оның 10 тармақтан тұратын бағдарламасы болды. Партияны құру, бағдарламасын жасау жұмыстарының басы-қасында болған бірегей тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы болатын. 1917 жылы желтоқсан айында жалпықазақ екінші құрылтайында «Алаш» автономиясы құрылғаны тарихтан мәлім. Бұл автономияның «Алашорда» атты басқару үкіметінің құрамына Ахмет Байтұрсынұлы кірді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, артынша-ақ азамат соғысы басталып кетті де, алаштықтар екі оттың ортасында қалып қойды. Алаштықтардың азамат соғысы жылдарындағы іс-әрекеттері өз алдына жеке бір әңгіменің арқауы. Ұлт ұстазының кеңестік билік кезеңіндегі қызметіне тоқталатын болсақ, 1919 жылы сәуір айында кеңестік билік алаштықтарға амнистия жариялағаннан кейін, оның шығыс бөлігі кеңес өкіметі жағына шықты.

Ахмет Байтұрсынұлы Кеңестік биліктің қазақ жерінде құрылған алғашқы ресми органы Қазақ жерін басқару жөніндегі революциялық комитеттің құрамына кірді. «Менің идеалым қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарттары болғандықтан, мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын» деген, өз ұлтының адал перзенті ендігі кезекті кеңестік биліктің құрамында бола жүріп, өз халқына пайдалы қызмет етуге кіріседі.

Он бес айдай жұмыс істеген революциялық комитеттің құрамына кірген Ахмет Байтұрсынұлы оның белді мүшесі болып, төрағаның орынбасары ретінде Ревком шешкен, қараған барлық мәселелерге белсенді араласып, өзінің ұлт мүддесін қорғауға бағытталған ұсыныс-пікірлерін батыл білдіріп отырды. Әсіресе, Ақмола мен Семей облыстары, Қостанай уезі үшін Сібір ревкомымен арадағы талас-тартыс барысының алдыңғы шебінде Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Ұлт ұстазын байырғы қазақ жерлерінің біртұтастығын сақтау жолында табанды түрде күрескен және соған қол жеткізу жолында бар күш-жігерін аямаған қайраткер деп білеміз. Яғни ата-бабаларымыздың қанымен орныққан қасиетті жеріміздің аймақтық тұтастығын қайта қалпына келтіру жолындағы күресте Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі зор деп айтсақ болады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы 15 сәуірде БК(б)П Орынбор комитетінің атына өзін партия қатарына алуды өтінген арызын береді. Қайраткер өзінің партия қатарына өтуге шешім қабылдауының себебі жөнінде: «Барлық мәселе партия жиналыстарында шешілетініне көзім жетті. Қазақ халқы үшін өмірлік маңызы бар мәселелерді шешерде одан тыс қалмау мақсатында мен партияға өтуге шешім қабылдадым», – деген болатын. 1920 жылы қазан айында Қазақ кеңестік социалистік автономиясы құрылған кезде Ахмет Байтұрсынұлы кеңестік негізде құрылған үкіметтің құрамына кіріп, ҚАКСР Халық ағарту халкомы болды. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының үкіметтің құрамындағы қызметі де, партия қатарында болуы да ұзаққа созылмады. Бос сөзі көп, сөзі мен ісі қабыспайтын кеңестік биліктің іс-әрекеттіне наразылығын ашық айтып, қазақ халқының ұлттық мүддесін жан-тәнімен қорғаған қайраткердің күресін кеңестік билік ұлтшылдыққа жатқызып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің неге саясатпен айналысқандығы жөнінде: «Мен ешқандай саяси қайраткер емеспін, мәдениет қызметкерімін. Менің саясатпен айналысуым өзімнің негізгі мақсатымды іске асыру қажеттілігінен туындады. Ондай негізгі мақсатым – қазақ халқының мәдени деңгейін көтеру болатын» деп жазады. Бұдан кейінгі жылдары ұлт ұстазы қол қусырып қарап отырды дей алмаспыз. Ол халқымыздың рухани жан-дүниесіндегі мәдениет, оқу-ағарту майданының алдыңғы шебінен көрінді.  

Ахмет Байтұрсынұлына тағылған саяси айыптауларға тоқталып өтсеңіз...

– Ол 1928 жылы қыркүйек айында Алматы қаласына келіп, Қазақ педагогикалық (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) институтына профессор лауазымында оқытушы болып орналасады. Бұл кезең Голощекин халқымыздың тағдырына қатысты өмірлік маңызды мәселелерді жалғыз өзі шешіп жатқан аса қиын кезең еді. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «бұл кезең әрбір қазақ коммунисі өзін жақсы коммунист етіп көрсету үшін алашордалықтарға қарсы бірдеңе айту қажет болып жатқан» уақыт болатын. Ахмет Байтұрсынұлы Алматыда 1929 жылы маусымда тұтқындалып, оған «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйым құрды, Орта Азиялық пантүркішілдік ұйымның басшысы Валидовпен байланысты болды, Қазақстанда қарулы көтеріліс дайындады» деген айып тағылды. Қайраткер 1930 жылы 4 сәуірде ОГПУ алқасының шешімімен РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2,4,10 және 11-тармақтары бойынша айыпталып, ату жазасына кесіледі. 1931 жылы 8 қаңтарда ОГПУ алқасының шешімімен бұрынғы ату жазасына шығарылған үкімнің күші жойылып, 13 қаңтарда қайта қаралған іс 1927 жылы 9 маусымда КСРО Орталық атқару комитетінің қаулысының негізінде ату жазасы 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылады. 1932 жылы 4 қарашада ОГПУ-дың қаулысы бойынша жазасын концлагерьде өтеу мерзімі Архангельск қаласына үш жылға жер аударумен алмастырылады. Ахмет Байтұрсынұлы денсаулық жағдайының нашарлауы және М.Горкийдің әйелі П.Пешкованың бүкіләлемдік Қызыл крест ұйымының атына жазықсыз азап шеккендерге көмектесу жөнінде жазған хаты себепші болып, 1934 жылы айдаудан мерзімінен бұрын босатылып, Алматы қаласына келеді. Айдаудан қайтып келгеннен кейін де көп қиындықты басынан өткерген. Қайда барса да жұмысқа алмады. Уақытша бір мекемелерде аударма ісімен, жеке орыс балаларына қазақ тілін үйрету сынды ұсақ-түйек жұмыстармен күнкөріс үшін айналысуға мәжбүр болды. Тар заманның осындай тауқыметін тартып жүргенде, бүкіл Кеңестер елін қамтыған Сталиндік жаппай қуғын-сүргін басталған еді. Оның алғашқы толқынына Алаш қайраткерлері ілікті.

– Олай болса, ұлт ұстазының өмірінің соңғы кезеңі жөнінде толығырақ мағлұмат бере аласыз ба?

– Ұлт ұстазы 1937 жылдың 13 тамызы күні РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары, яғни контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесі, революцияға қарсы белсенді күресуші ретінде тұтқындалған. Одан алғашқы тергеу жауабы 1937 жылы 17 тамыз күні алыныпты. Онда Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қайраткерлерінің кеңес өкіметіне қарсы шығу себебі жөнінде: «Біз бұл социалистік революцияға қарсы болдық. Өйткені, мал шаруашылығы басым болған және мәдени дамудың төмен деңгейінде социалистік құрылысқа өту мүмкін емес деп есептедік. Осы сәттен бастап мен және менің жақтастарым кеңестік билікке қарсы болдық» деп ашық түрде жауап берумен қатар, «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің не үшін құрылғанын, қызметін бүкпесіз баяндайды. Алғашқы тергеу сұрақтары 1917 жылғы саяси оқиғалардан басталып, 1934 жылы айдаудан қайтып келгеннен кейінгі кезең аралығындағы Ахмет Байтұрсынұлының «контрреволюциялық» іс-әрекеттері төңірегінде өрбіген. НКВД тергеушілері 1937 жылы 2 қазан күні екінші жауап алыпты. Ахмет Байтұрсынұлының тергеу материалдарына қатысты ерекше назар аударып қарайтын болсақ, ол айдаудан қайтып келгеннен кейінгі өзіне тағылған жалған саяси айыптауларды мойындамаған. Қаншама азаптап қинаса да, НКВД-ның жендеттері жалған жаланы мойындатқыза алмапты. Ұлт жанашырымен бірге қамауда болған куәгерлердің айтуынша, қайраткер соңғы тергеу үстінде қатты құлап, есінен танып қалғаннан кейін, екі күзетші камераға көтеріп кіргізген. Сонымен, 1937 жылдың 25 қарашасында шығарылған айыптау қорытындысында Ахмет Байтұрсынұлына «Контрреволюциялық «Алаш» партиясы және «Алашорда» үкіметінің ұйымдастырушысы, 1917–1919 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы белсенді күрес жүргізді, Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де ол кеңес өкіметінің бітіспес жауы болды, Кеңес өкіметіне қарсы ұйым құрды, 1926 жылы Баку қаласында құрылған пантүркішіл орталықтың құрамына кірді, 1927–1928 жылдары кеңестік биліктің жерге орналастыру, байларды тәркілеу істеріне қарсылық ұйымдастырды, 1929 жылға дейін басқа ұлттық республикалардағы контрреволюциялық ұйым мүшелерімен, контрреволюциялық ұлтшыл кеңестік ұйымдардың басшылары Рысқұлов, Сәдуақасов, Қожановтармен байланыста болды, айдаудан қайтып келгеннен кейін Алматы қаласында 1937 жылы жасырын «Түркі халықтық партиясының» белсенді мүшелерінің бірі Гайнике Қабдалиевамен байланыс жасады» деген негізсіз, дәлелсіз жалған саяси айыптар тағылып, осы айыптаулардың негізінде Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесілген. Шешім 1937 жылғы 8 желтоқсан күні орындалған.

– Тарихтан белгілі, Хрущевтің «жылымығы» жылдары көптеген жазықсыз айыпталған, сотталған «халық жауы» деп қараланған қайраткерлердің есімдері ақталды. Бірақ «Алаш» қайраткерлерінің есімдері ақталмады. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы да бар. Не себепті деген сұрақтың қойылатыны заңды шығар?

– Бұл сол тағы да, сұрқия кеңестік жүйенің екіжүзділігінің көрінісі. Мәселен, 1958 жылы маусым айында республикалық прокуратура органдарының сұратуы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының ісі оған тағылған айыптаудың негізділігін қосымша тексеру үшін ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолданады. Қосымша тергеудің қорытындысында қайраткердің 1930 жылы контрреволюциялық әрекеттері үшін қылмыстық жауапқа тартылғаны, 1935–1937 жылдары антисоветтік әрекеттер жасады деп тағылған айыптаулардың дәлелденбегені және Ахмет Байтұрсынұлының 1930 жылдарға дейін жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылғаны, сондықтан оны 1937 жылы соттауға ешқандайда негіз жоқ екені айтылумен қатар, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы белсенді контрреволюциялық әрекеттерін ескеріп, Алматы облыстық УНКВД үштігінің 1937 жылы 25 қарашадағы шешімін қайта қарау негізсіз деп санаймыз деген шешім шығарған. Бұны нағыз екіжүзділік демегенде не дейміз? Кеңестік билік «Алаш» қайраткерлерінің есімдерін Қазақ халқының жадынан мүлдем өшіруге барлық әрекеттер жасағанын көріп отырмыз. Бірақ кеңестік озбыр билік «Алаш» қайраткерлерінің есімдерін қаншама қаралап, халқымыздың санасынан тұмшаласа да, тұлғалардың ардақты есімдері бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихында өзінің лайықты орнына қайта оралды. Ахмет Байтұрсынұлы 1998 жылы қараша айында толық ақталды.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.