Әуе кемесін тізгіндеген - Ажар

Әуе кемесін тізгіндеген - Ажар
Сурет: Air Astana әуекомпаниясынан

Жанкешті кәсіп

Отандық авиацияда қыз-келіншектердің саны көбейіп келеді

Халықаралық авиациялық ұшқыштар қауымдастығының дерегіне сәйкес, әлемдегі ұшқыштардың шамамен 5%-ын әйелдер қауымы құрайды. Ал отандық авиацияда нәзік жандылардың саны өскенін байқап жүрміз. «Ұшақты тек ер адамдар тізгіндей алады» деген тегеурінді қағиданы бұзған, әуе көлігін басқаратын  ұшқыш аруларымыздың бірі – Ажар ДӘУРЕНҚЫЗЫ еліміздегі ең үлкен Air Astana әуекомпаниясында екінші ұшқыш қызметін атқарады. Жас маман «Ақшамға» сұхбат беріп, авиацияның қыр-сырымен бөлісті.   

«БӘРІ ГАЗЕТТЕГІ МАҚАЛАДАН БАСТАЛДЫ»

–       Әуедегі қауіпсіздік ұшқыштың кәсіби шеберлігіне байланысты болады. Осыдан-ақ қызметтің қаншалықты жауапты екенін бағамдай аламыз.  Авиацияға келуге кім түрткі болды? Әңгімемізді ұшқыш мамандығын таңдаған себебіңізден бастасақ...

–Басқалар сияқты, бала кезден ұшқыш болуды армандамадым. Ұшқыш болуымның себепкері – анам. Бірде үйге авиациялық газетті алып келді. Газетте Астана қаласындағы Мемлекеттік авиациялық орталыққа  жасөспірімдерді қабылдау басталғаны жазылыпты. Мектепті жақсы оқып, үздікке аяқтадым. Мектеп бітірер шақта қандай мамандық таңдайтынымды ұзақ ойландым. Кейін ата-анамның қолдауымен авиациялық орталыққа құжаттарымды тапсырып, бағымды сынап көргім келді. Алдымен медициналық тексерістен өтіп, одан кейін математика және физика пәндерінен тест тапсырдым. Жоғары ұпай жинап, орталыққа оқуға түстім. Сөйтіп, 15 жасымда авиацияға алғашқы қадамымды жасадым. Бұл орталықта навигация, метеорлогия, аэродинамика, авиациядағы заңдар, радиокоммуникция секілді ұшқыш білуге тиіс қағидаларды оқытты. Алғашқы ұшу тәжірибемді чехиялық TL-2000 ультра-жеңіл ұшағын басқару арқылы сынап көрдім. 9 ай бойы алған білімді тәжірибеде қолдандық. Алғашқы SOLO ( инструкторсыз ұшу) ұшуымызды орындап, жаздың соңында әуедегі уақыт 30 сағат болып, LAPL (light aircraft pilot license) лицензиясын алдым. Осыдан кейін өмірім авиациямен байланысты болатынына күмәнім болмады. 11-сыныптан кейін ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Азаматтық Авиация академиясына грантқа түстім. Академияда 2-курста оқып жүргенде Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы 120 шақты студенттен ең мықты деген 30-ын таңдап, Чехиядағы F-Air мектебіне 2 жылға оқуға жіберді. Сол студенттердің қатарында мен де болдым. Бұл мектеп 2 жыл ішінде ұшқыштарды дайындап шығарды. Қиын теоретикалық сабақтардан тест тапсырып, бір және екі моторлық ұшақтарды басқаруды үйрендім. Коммерциялық пилот лицензиясы CPL (commercial pilot licence) берілді. 250 сағат ұшу уақыты, диплом және үлкен компанияға орналасуға мүмкіндік алдық.

Академияны тәмамдап, бірден Qazaq Air әуекомпаниясына екінші ұшқыш болып орналастым. Канадалық Bombardier Dash 8 Q-400 ұшағын басқардым.  Ұшқыш мамандығының бір ерекшелігі, базалық біліммен шектеліп қалмайды. Авиация мамандары өмір бойы оқып, тәжірибе жинақтауы керек. Жұмыс істеп жүргенімде компания Вена қаласына Dash-8 ұшағын үйренуге жіберді. Ол ұшақ менің алғаш тізгіндеген жолаушылар тасымалдайтын ұшағым болды. Qazaq Air-де бір жарым жыл тәжірибе жинап, басқа  ұшақтарды басқарып үйренгім келді. Airbus 320 типті ұшақты меңгеру үшін Испания, Франция және Нидерланды елдеріндегі оқуымды тәмамдадым. Air Astana әуекомпаниясына ауысып келгеніме көп уақыт бола қойған жоқ.   

–Ұшқыштар еңбек өтілін әуеде ұшқан сағатпен өлшейді. Әуеде қанша сағат болдыңыз?

 –Авиацияға 16 жасымда, осыдан 9 жыл бұрын келдім. Жалпы ұшу уақытым 1100 сағатқа жетті. Мүмкін, ол соншалықты көп уақыт емес шығар. Бірақ мен үшін әуедегі әр минутым қымбат.


ЕҢ СӘТТІ САПАР

– Ең бірінші рейсіңіз қай жерге болып еді? Алғаш ұшақ басқарған кезіңіз есіңізде ме?

– Әрине, кез келген ұшқыштың алғашқы рейсі есінде мәңгіге қалады деп ойлаймын. Екінші ұшқыш ретіндегі алғашқы рейсім Астана–Алматы бағытындағы сапар болды. Бірақ сол кезде ойымда тек рейсті сәтті орындау тұрды. Қорқып, қобалжуға уақыт болмады. Жұмыстан кейін үйге қайтып келе жатқандағы сезім әлі есімде. Ұшақты өзім басқарғаныма сенбедім.

–Ұшар алдындағы процесті айтып берсеңіз? Жұмыс кестесі қандай?

– Рейс алдында арнайы брифинг болады. Ұшқыштар әуежайға 1-1,5 сағат бұрын келуге тиіс. Командирмен бірге баратын жердегі ауа-райын, ұшақтың техникалық жағдайын тексеріп, қанша жанармай құятынымызды ақылдасамыз. Штурмандардың рейске дайындаған флайт-жоспарымен танысып, қанша сағат ұшатынымыз, келу уақыты мен ауа райы белгіленген құжаттармен, жоспармен танысамыз. Егер ауа-райына немесе басқа да себептер болса, рейсті кейінге шегереміз. Ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін жағдай болса, рейс орындалмайды.

–Рейс кезіндегі қызықты, есте қалған оқиғамен бөліссеңіз.

– Ең қызық болған сәт – тек әйелдерден құралған экипажбен ұшқан кезіміз болды. Командир Екатерина Сверчкова және 2 бортсерікпен Qazaq Air әуекомпаниясының тарихында алғаш рет тек әйелдер басқарған рейсті орындадық. Маған қыздармен жұмыс істеген қатты ұнады.

Қазір қызмет атқаратын Air Astana әуекомпаниясында ұшқыштар саны күн сайын артып келеді. 17 әйел ұшқыш қызмет етеді.

–Әуеде ауа райына, т.б. қатысты тосын оқиғалар болды ма?

–Әрбір ұшқыштың барлық рейсінде кездесетін ұшақтың әуедегі теңселуі шығар. Бір жердің ауасы ақырын, екінші жердің ауасы тез көтеріледі. Әртүрлі ауаның әсерінен ұшақ теңселеді. Қолайсыз ауа-райында, қатты бұлттардың арасынан және таудың үстінен өткенде ұшақ теңселеді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Барлық әуекомпанияда мұндай жағдайларда қолданатын түрлі әдіс-тәсілдер бар.  

Ұшақ кабинасындағы командир және екінші ұшқыштың атқаратын міндеттері бар. Бүкіл экипаж  мүшелері рейстің қауіпсіз әрі жайлы өтуі үшін барын салады.

 

–Екінің бірі ұшқыш бола алмайды. Ал кәсіби авиацияда жүрген  қыздардың көтерер жүгі едәуір ауыр шығар…

–Азаматтық авиацияда барлық ұшқышқа бірдей талап қойылады. Ұшақ кабинасындағы командир және екінші ұшқыштың әрқайсысының атқаратын жұмыстары әртүрлі болады. Ер мен әйел ұшқышта физиологиялық айырмашылықтар бар екені рас. Бірақ жұмыс қиын болғанымен, денсаулыққа мән беріп, өзіне көңіл бөлуге уақыт табылады.  

Әуе қатынасы халықаралық талапқа сай болуға тиіс екені белгілі.

Авиация – қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Дамыған елдермен бәсекелесіп, олардың деңгейіне жету үшін бәрін қысқа уақыт ішінде бір жүйеге келтіру керек болды. 1944 жылы мемлекеттер арасындағы халықаралық азаматтық авиация қызметіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыратын ұйым құрылды. Чикагода өткен халықаралық конференцияда құрылған ұйымға мүше елдердің саны – 186. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне қатысты нормалар мен ережелерді сақтау үшін 1994 жылы осы ұйымға кірді.

–«Ұшақта ең маңызды кез – ұшу және қону кезеңі» деп жатады.  Сізге ұнайтын сәт?

–Ол рас. Ұшақта барлық жолаушының назарын аударатын да дәл осы сәттер. Ұшақты дұрыс ұшыру мен сәтті қондыра білу ұшқыштың кәсібилігін көрсетеді. Осы кезеңдерде ұшқыштар кабинада ең көп жұмыстарды  орындайды. Екі ұқыштың жұмысының басым көпшілігі, яғни 60–70 пайызы қонатын кезде басталады. Диспетчермен байланысқа шығып, жүйелерді қарастырады. Ұшуға, одан кейін қонуға дайындайды. Көбі ұшқыштар автопилотты қоса салады, қиын ештеңесі жоқ деп ойлайды. Әрине, автопилот ұшқыштың жұмысын жеңілдетеді. Бірақ, кабинада одан да бөлек жұмыстар жетерлік. Мысалы, түнгі 8 сағаттық ресті алып қарайық. 8  мониторды 30 минут сайын тексеріп, барлық жүйенің жұмысын қадағалау керек.

Маған ең ұнайтын кез – ұшақтың қауіпсіз жерге қонып, тиісті әуежайға жетуі. Ұшақпен көкке көтерілген кез де эмоцияға толы, ғажап сәт.

ҰШҚЫШ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ...

– Қазір ұшқыш болғысы келетін қыздар көбейген. Болашақ әріптес-сіңлілеріңізге айтарыңыз?

– Бұл мамандықты шын жүрегімен жақсы көріп, мол жауапкершілікті сезіне білетін адам ғана таңдайды. Ұшқыш болғысы келетін қыздар саны көбейгеніне қуанамын. Қыздар әлеуметтік желідегі парақшама жазып, сұрап жатады. Кеңестерімді беріп тұрамын. Мен авиацияға келерде көбінен, әсіресе, ер-азаматтардан: «Сен қыз баласың. Саған авиацияның керегі не? Қыздарға тән жұмыс істе!» дегенді жиі еститінмін. Осы ретте, ата-анама алғысым шексіз екенін айта кетейін. Олар бетімді қақпай, әрдайым қолдау көрсете білді.

Мектеп деңгейінде математика мен физиканы жақсы оқып, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерсе, кез келген қыз бала авиацияда оқи алады.

Қыздарға айтарым, ештеңеден қорықпай, арманы ақиқатқа айналуы үшін барын салса деймін.

 

  • Қызық дерек
  • *Ұшақтың кабинасына кез келген адам кіріп-шыға алмайды. Тек бортсеріктерге рұқсат берілген.
  • *Рейс кезінде кабинадағы 2 ұшқыш 2 түрлі тамақ ішеді және әртүрлі уақытта тамақтануы керек. Егер біреуі тамақтан уланып қалса, екіншісі ұшақты жүргізе береді.
  • * Командир мен екінші ұшқыш бір отбасыдан шықса, яғни бір-біріне туыс болса, авиациялық қауіпсіздікке байланысты олар бір кабинада отыра алмайды. Ұшақты бірге тізгіндеуге тыйым салынған.
  • *Жылына бір рет  әр ұшақты найзағай соғады. Алайда, одан жолаушыларға қауіп-қатер төнген жоқ.
  • *Ұзақ сапарға ұшатын болса, ұшқыштарға ұйықтауға рұқсат берілген. 2 ұшқышқа кезектесіп, 40 минутқа дейін ұйықтауға болады. Бірақ жерге төмендегенге дейін 20 минут қалғанда 2 ұшқыш та ояу болуға тиіс.

 

Сұхбаттасқан  Гүлжанат СЕМБАЕВА.