Әлеуметтік желілер бақылауға алынады

Әлеуметтік желілер бақылауға алынады
almaty-akshamy.kz

X (Twitter), Meta, TikTok онлайн-платформаларында жалған ақпарат тарауы мүмкін

ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс Таяу Шығыстағы онсыз да күрделі жағдайды одан сайын шиеленістірді. Палестиналық ислам қозғалысының Израильге шабуылы, кейін Израильдің жауабынан 1000-нан аса адам мерт болды. Бұл қайғылы жағдай тек аймаққа ғана емес, әлемнің басым бөлігіне әсер етті. Араб елдерінде, Еуропаның бірқатар елдерінде, АҚШ-та Палестинаны қолдаған наразылық акциялары өтті. Еуропада, АҚШ-та Израильді қолдап, наразылыққа шыққандар да жеткілікті. Демек, алыс болса да Таяу Шығыстағы жағдай әлемнің кез келген түкпіріне әсер етуде. Қоғамдық пікірді әлеуметтік желілер қалыптастыруда.

АЛДЫМЕН ВИДЕО БОЛҒАН...

Адамзатқа жаратушыдан түс­кен 4 кітаптың бірінде «Алдымен сөз болған» деп басталады. Ежелгі грек философы Платон «идея» мәңгілік өмір сүреді деген. Фило­софтың ойынша оған уақыт пен кеңістік шектеу емес. Бұл пікір­лердің шынайы екеніне қазір көзіміз жетіп отыр. Десе де, заман өзгерді. Төртінші өндірістік рево­люция цифрлық әлемге жол ашты. Бұл әлемде сөз емес, видео контент алдыңғы қатарға шықты.

Видео контенттің пайда болуы кино индустриясымен байланысты. Үнсіз фильмдерді көріп, ондағы актерлер мен режиссердің не айт­қысы келгенін түсінеміз. Чарли Чаплиннің фильмдерін еске түсір­сек жеткілікті. Ал XXI ғасырда әлеуметтік желілердің қарыштап дамуы бұл үрдісті күшейтті.

Газетіміздің №81 санында: «Франциядағы наразылық: әлеу­меттік желі отқа май құйды» атты тақырыпта сараптамалық мақала жариялаған едік. Оған 17 жасар Наэль есімді жасөспірімнің өлімі себеп болды. Биыл 27 маусымда Францияның Нантер қаласында наразылық оты тұтанған болатын. Сол кезде әлеуметтік желі отқа май құйды. TikTok пен Snapchat он­лайн-платформаларында полиция­ның жасөспірімге оқ атқан видеосы тарады. TikTok-ты жиі қолданатын жасөспірімдерге бұл қайғылы оқи­ға қатты әсер етті. Тек Франция ғана емес, оған көрші елдердің жастары наразылық акцияларын ұйымдастырды. Себебі, қаза бол­ған Наэльдің тегі мигрант еді.

Мұндай жағдай ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақ­тығыста қайталанды. Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат пен видео контент араб әлемінен келген Еуропадағы мигранттардың наразылығын тудырды. Олар Па­риж, Лондон, Берлин, Будапешт, Барселона сияқты қалаларда палес­тиналықтарды қолдап наразылыққа шыққан. Сонымен қатар, Израильді қолдаған акциялар да өтті.

Жалған ақпарат пен видео кон­тент ең бірінші X (бұрынғы Twitter) платформасында тарады. Тіпті платформаның басшысы Илон Масктың өзі 8 қазанда қолданушы­ларды тек фактіге сүйенуді өтінді. Ал 12 қазанда онлайн-платформа жалған ақпарат таратуы мүмкін деп Еурокомиссия ресми хат жолдады. Бұл хат тергеудің басталуына түрткі болуы мүмкін. Енді 19 қа­заyда мұндай күдікке Meta (Instagram, Facebook), TikTok та ілінді. Ресми өкілдерге ресми хат жолданды.

ЕО ӘЛЕУЖЕЛІНІ РЕТТЕМЕК

X (Twitter), Meta, TikTok мил­лиондаған қолданушысы бар он­лайн-платформалар. Олардың жұ­мысын ретке келтіру жайлы бастама 2020 жылы көтерілді. Еу­ропалық комиссия 15 желтоқсанда Цифрлы қызмет жайлы заң жоба­сын Еуропалық парламент пен Еу­рокеңеске ұсынды. Digital Services Act немесе қысқаша DSA деп ата­латын заң жобасы онлайн-платфор­малардағы жалған ақпаратпен кү­ресу және де ақпаратты тұтынушы мен платформаны қолданушы жеке әлде заңды тұлғаның құқығын қор­ғау мақсатында жасалған еді.

Ұзақ уақыттан кейін биыл 25 тамызда заң қабылданып, күшіне енді. Енді ірі онлайн-платформалар құқыққа қайшы ақпарат тарату, өшпенділікті, жалған ақпарат пен коммерциялық алаяқтықты тарат­қаны үшін заң алдында жауап бе­реді. Бастапқыда заң жобасын ұсынушылар ресейлік үгіт-наси­хатқа тосқауыл қою үшін мұндай қадамға барғанын жасырған жоқ. Сондықтан тек онлайн-платформа­ларды реттеу емес, геоцифрлық саяси текетірестен қорғану үшін де осы заң қабылданды.

Енді қандай ірі платформа бол­масын заңды бұзса, Еуропалық сот алдында жауап береді. Заң алғаш рет қазан айында X (Twitter), Meta, TikTok сияқты платформаларға қолданылды. Алайда, әлемде мұн­дай мысалдар жеткілікті. Бір ғана АҚШ-тағы Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукербергке де қа­тысты соттар өткенін айтсақ болар.

ҚАЗАҚСТАН ДА КӨШТЕН ҚАЛМАЙДЫ

2021-2022 жылдары азаматтық қоғамды балаларды қорғауға қа­тысты заңға өзгерістер енгізу тура­лы бастама дүрліктірді. Ел арасын­да «Сарым-Закиева» деп аталып кеткен өзгерістер бойынша әлеу­меттік желілерге шектеу қою қа­растырылған еді. Құзіретті орган интернет-ресустарды, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын тоқтатуға шексіз өкі­леттік алуы мүмкін еді. Алайда, қоғамдағы даудан соң Сенат бұл норманы өзгерту керек деп Мәжіліске жіберді. Бұл өзгерістен соң былтыр 3 мамырда Мемлекет басшысы заңға қол қойды.

Биыл 10 шілдеде «Онлайн-плат­формалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды. Заңның мақсаты – онлайн-платформалар­дың жұмыс істеуінің, сондай-ақ он­лайн-жарнаманы жасаудың, орна­ластырудың, таратудың және сақтаудың, құқыққа қайшы кон­тентті болғызбаудың және оның жолын кесудің құқықтық негіздерін айқындау. Сондай-ақ, заңның басты ерекшелігі мемлекеттік тілдің қол­данылу аясы кеңейеді. Десе де, аза­маттық қоғамның заңға қатысты көкейдегі күмәнін түсінуге болады. Заң шынайы жұмыс істеуі үшін еліміздегі Сот жүйесі мен құқық қорғау саласы Еуропалық Одақтағы деңгейде жұмыс істеуі тиіс.