Сойы бөлек сойқан

Сойы бөлек сойқан theglobeandmail.com

Таяу Шығыста тұтанған от Газаның қабырғасынан қарғып өтіп, тұтас аймаққа ауа жайылып кету қаупінде тұр. Қақтығыс күн өткен сайын өршіп бара жатқандай. Израильге тосын шабуыл жасап, ауқымды ұрысты бастаған ХАМАС тұтас Палестинаға өкілдік етпесе де, ұдайы шиеленісіп келе жатқан тарихи дау ұшқыны қайта лаулап жанды. Ал Газадағы емханаға түскен зымыран қызып тұрған қазанға май құйғандай, мәселені тіпті ауырлатты. Израиль–Палестина арасындағы ауық-ауық бұрқ ете қалатын қақтығысқа әлемнің еті үйренген. Бірақ кезекті сойқанның сойы бөлек. Орта Шығыстың әр түкпіріндегі исламшыл қозғалыстар, қарулы топтар ХАМАС ұйымына қосылып, Израильді нысанаға алуы мүмкін. Бұндай қауіптің бар екенін Тель-Авив те мойындап отыр. Сонымен, әлем көз тіккен аймаққа қатысты хабар-ошар, ақпараттарға және бір шолу жасап көрелік.




АЙМАҚҚА ЖАЙЫЛУ ҚАУПІ БАР...


Жанжалға аймақтағы басқа ел­дер де араласып кетуі мүмкін деген қауіп күшті. Газадағы емханада болған жарылыстан кейін Из­раильдің қарулы қарымта шабуы­лына деген наразылық өршіді. Жа­рылыста қанша адамның көз жұмғанына қатысты деректер әр­түрлі. Әу баста 500 шамасындағы адам бір мезетте мерт болғаны жа­йында мәлімет тараған. Израиль тарапы бұл қырғыншылықтың өз­деріне қатысы жоқ екенін, зымыран шабуылы тағы бір исламшыл қоз­ғалысқа тиесілі деп мәлімдеді. Бі­рақ нақты жауабы әлі де жоқ. Емха­нада басым көбі бейбіт тұрғындар, аурулар, шабуылдан жан сауғалап тығылған әйелдер мен балалар бол­ған. Бір уақытта сонша көп бейбіт азаматтардың қанға бөгіп қалуы аймақтағы мұсылман қауымының ашу-ызасын тудырды. Иорданияда, Батыс жиектегі палестиналықтар арасында, Иранда, Мысыр, Ливия, Сирия және Түркия сынды елдерде наразылық шерулері қатарынан бі­рер күн жалғасып жатыр. Тіпті, бұл оқиғадан кейін АҚШ-ты қамтыған бірқатар батыс елдерінде де Из­раильдің қарулы шабуылдарын айыптаған демонстрациялар бол­ды.



Дәл осы оқиға Израильге қарсы аймақтағы наразылыққа тұздық болды. Әрі еврей мемлекетіне де­ген қарсылық қарқынды түрде ке­ңейіп барады. Израиль қорғаныс министрлігінің өзі аймақтағы өзге қарулы топтардың шабуыл қаупінің күшейгенін айтты. Кеше Таяу-Шы­ғыстағы BBC тілшісі Санам Вакил жасаған хабарында жағдайды: «Тұ­тас аймақ қандай да бір оқиға бо­лып кетеді деп күтіп тұрғандай. Аймақта тұрақсыздық анық байқа­лады. Тіпті, шиеленісті бәсеңдету үшін арнайы каналдар қосыла бас­тады», – деп бағалады. Бұның өзі­нен көп нәрсені ұғынуға болады. Қазір байқап отырғанымыздай, ай­мақтағы ең ірі ойыншылар Иран, Түркия, Сауд Арабиясы сынды ел­дер өзара қоңырау соғып, мәселені талқылай бастады. Әңгіме ауаны жанжалдың аймаққа жайылып ке­туінің алдын алу бойынша болып жатыр. Десе де, жағдай бақылаудан шығып кету қаупі осы әрекеттер­мен қатар дамып жатыр.




СОҒЫСҚА КІМДЕР АРАЛАСУЫ МҮМКІН?


Қазіргі жағдайға қарағанда, аймақтағы елдердің ешқайсысы ті­келей соғысқа араласқысы жоқ. Бі­рақ ұзақ уақыттан бері тұрақсыз­дық жайлаған Орта Шығыста түрлі қарулы топтар, радикал ұйымдар да әрекет етіп келеді. Әсіресе, Сирия мен Ирак жерлерінде бұндай топ­тар белсенді. Олардың әрқайсысы­ның сүйенген «иесі» бар. Бірін Түркия, бірін Иран, тағы бірін АҚШ, енді бірін Катар дегендей сыртқы ойыншылар қолдап отыр. Түрлі күштер ықпал ететін, әрі түрлі мақсаттағы бұл ұйымдардың басым көбі радикал сипатқа ие, әрі діни идеологияға құрылған. Сон­дықтан антисионистік бағытта ор­тақ мақсат туындап жатса таңқалу­ға болмайды.



Иранның кейбір ресми тұлғала­рының өзі аймақтағы қарулы топ­тардың Израильге қарсы ХАМАС- пен бірігіп кетуі ықтимал екенін айтқан. Айталық, ИИР СІМ басшы­сы «Қарсылық көрсету ұйымы­ның» лидерлері еврей күштерімен бетпе-бет ұрысқа дайын екенін мәлімдеген. Бұл қатарда көп елдің баса мән беретіні Иранның тікелей қолдауына ие «Хезболла» тобы. Ливанда салыстырмалы қуатты күшке ие бұл топты көптеген Батыс елдері террорлық ұйым ретінде та­ныған. Биыл жыл басында олардың Иран жерінде әскери жаттығудан өткені туралы да мәліметтер шы­ғып еді.



Иран Ислам Республикасы өзінің Израильге қарсылығын жа­сырған емес. Мұсылмандар таны­мындағы Құдыс қаласының орны­на қатысты ең батыл ұстанымын көрсетіп жүрген елдің бірі де осы Иран. Палестина мен Израиль ор­тасындағы кезекті қақтығыс әу баста Иранды соғыс алаңына тарту үшін ірі күш орталықтарының жос­пары деген де болжамдар айтыл­ған. Әрине, Иранның соғыс қимыл­дарына тікелей болмасада жанамалай араласып, Орта Шы­ғыстың жанжал батпағына бата түсуі оның аймақтағы және әлем­дегі стратегиялық бәсекелестері үшін тиімді. Алайда, қазіргі жағ­дайда Иранға бұндай жанжалға араласу тиімсіз. Өзі болмаған күн­де де қолдау көрсеткен топтарының ұрысқа араласуы да аймақтағы ықпалды күштердің арасындағы теңгерімге әсер етуі мүмкін.



ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАТЫН МАЙДАН


Әлемнің ниеті айнып, жаһан­ның жүзі құбылып тұрғанда Құдыс маңында қақтығыстың басталуы қай жағынан да жақсылықтың ны­шаны емес. ХАМАС шабуылынан кейін Израиль премьер-министрі Беняминь Нетаньяхудың жасаған мәлімдемесі де кісіні ойландыра­ды. Ол сол кезде жағдайды соғыс деп бағалады, әрі бұл соғыстың ұзаққа созылатынын айтты. Расын­да да, мүдделі барлық тараптың іс-әрекеттері, үрдістің даму бағыты қақтығыстың біз күткеннен ұзаққа созылатынынан хабар береді. Бұл шын мәнісінде Украинадан кейін ашылған әлемдегі екінші үлкен соғыс алаңы. Қатпары қалың оқи­ғаның ең түпкі астарында тағы да сол жаһандық тәртіпті қайта құру­дағы ірі күштердің бәсекесі жатыр. Бұндай ауқымды мүдде таласта­рында ең жаманы – зардабын қара­пайым халық тартады. Соңғы то­лықталмаған деректерге қарағанда, бар болғаны 45 шаршы шақырым аумақтағы Газада 3 мыңнан астам адам көз жұмды. Қақтығыс ұзаққа созылатын болса, Газа секторы қа­бырыстанға айналуы да ғажап емес. Ғасырларға созылған әрі қайталанбалы қайшылық қашан нүктесіне жетеді, ол да белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:06

20:37

20:24

20:06

19:32

18:41

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22