Әлеуметтік кепілдіктер көлемі қысқармайды – Мемлекет басшысы

Әлеуметтік кепілдіктер көлемі қысқармайды – Мемлекет басшысы
Сурет: Zakon.kz

Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кепілдіктерді азаматтардың мұқтаждығына қарай қайта бөлуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Адами капиталды тиімді дамыту аясында мемлекеттік әлеуметтік қолдау нақты адамдарға бағдарланған және атаулы болуы тиіс. Әлеуметтік кепілдіктердің ағымдағы көлемі қысқармауы керек, бірақ шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлінуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, мемлекет онсыз әлеуметтік жәрдемақысыз күнелте алмайтын топтарға қажетті көмек көрсетіп отыр.

«Әлеуметтік кепілдіктердің бәрі жәрдемақылар төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған белсенді әлеуметтік саясатқа негізделуі керек. Бұл «Жалпыға бірдей жұмыспен қамту» қағидатын іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтіп жатыр.