Алты күнде 300 шақырымнан астам жолды жаяу жүріп өтті

Алты күнде 300 шақырымнан астам жолды жаяу жүріп өтті
Сурет: Inform.kz

Әлемді жаяу аралауға шыққан ұлытаулық ақсақал Ресей шекарасына жетті

Сәрсенбай қария жер жаһанды жаяу араламақ. Ұлытау облысында тұратын 73 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашовтың 2 тамызда Атыраудан жолға шыққан еді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚазАқпараттың жазуынша, саяхатшы бүгін, 8 тамызда Қазақстан-Ресей шекарасына жетті. Бұл туралы саяхатшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Міне, шекараға жеттім. Бірінші шекарадан өткелі тұрмын. Атыраудан 300 шақырымнан астам жаяу жүрдім. Жолдың кейбір жері нашар, кейбір тұсы жақсы. Жол салынып жатыр. Келесі жылға дейін бітетін шығар. Бүгін міне, бірінші рет шекараны көріп, қобалжып тұрмын. Алла сәтін салса, өтермін, сау болыңыздар, қазақстандықтар», - деді Сәрсенбай Қотырашов.

Егде жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов әлемді жаяу аралау сапарына шығар алдында атыраулық жастармен кездесті.

«Менің жаяу сапарым әлемнің бірнеше елін қамтиды. Қазақстаннан жолға шығып, Ресей, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Моңғолия елдеріне барамын. Кейін Ресей арқылы Қазақстанға оралуды көздеп отырмын. Жаяу сапарым 2 жылға созылып, 2025 жылдың тамызында аяқтаймын деген жоспарым бар», - дейді Сәрсенбай Қотырашов.

Сәрсенбай Қотырашов жаяу сапарын бірнеше бағытқа бөлген. Алғашқы маршруты – Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне бару. Бұл елдерді аралау үшін 3 мың шақырымға жуық жол жүреді. Бұған 100 күн қажет.

Екінші бағыттағы Түркия, Франция, АҚШ елдерін 180 күнде аралауды жоспарлап отыр. Бұл үшін 9 мың шақырымнан астам жолды еңсермек.

Үшінші кезеңе АҚШ-тан бастап, Қытай, Моңғолия, Ресей арқылы Қазақстанға оралады. Бұл кезеңде 130 күнде 4 мың шақырымнан астам жол жүреді. Ол екі жылда 16 210 шақырымды бағындырмақ.