70 жастағы таксист әжей

70 жастағы таксист әжей
Сурет: Sputnik.kz

Қарияның көлік тізгіндегеніне биыл 10 жыл болды.

Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылының 70 жастағы тұрғыны Айымгүл Ережепқызы таксист болып жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Айымгүл Ережепқызы Қарақалпақстанда балабақша тәрбиешісі мамандығын оқыған. 1997 жылы Қазақстанға келген соң өз мамандығы бойынша еңбек ете алмай, нәпақасын әр түрлі жұмыс істеп табады.

«Сол уақыттан бастап мен істемеген жұмыс қалмады. Өз мамандығым бойынша жұмыс таппадым. Сосын жеміс-жидек саттым. Пойыздарда жүріп тамақ саттым. Ең аяғы суға дейін саттым. Атырау, Ақтөбеден келген жолаушылар суды көп сатып алады. Мына Түлкібастың суы өте дәмді. Сонда бір жарым литр суды «баклашкаға» құйып алып, 10 теңгеден сатамын. Жолаушылар 10 бөтелкеден сатып алады. Сөйтіп, күн көрдік. Үкіметке қол жаймадым. Қол жайғанмен, жұмыс болған жоқ, оған өкпелеудің еш қажеті жоқ», - дейді ол.

2006 жылы Түркістаннан Алматыға қоныс аударған кезде де Айымгүл апа өз мамандығы бойынша жұмыс таппайды. Тиындап жинап, 30 жыл жүрілген ескілеу көлік сатып алады. Айымгүл Ережепқызы бала күнінде әкесінің тракторын оталдырғаны болмаса, жалпы көлік тізгіндеп көрген жан емес.

«Әкем тракторшы еді. Шаруа қожалықтарының керек-жарағын таситын. Сонымен нәпақасын тапқан қарапайым шаруа адамы. Сол әкем жұмысқа барарда тракторын оталдырып қоямын. Негізі өзім тракторшы болғым келді. Әкеме айтып едім, ол ұсынысымды қолдамады. «Тракторшының ақшасы болмайды, елдің рахметіне бергенін алып жүресің. Ертең отбасың болады, үйге қарайсың ба, әлде трактормен ел кезіп жүресің бе? Қой» деп көнбеді. Одан басқа көлік тізгініне өмірі отырып көрмеппін», - дейді зейнеткер.

Сөйтіп, Айымгүл апа механика көлігін мініп, жолаушы таси бастайды.

«Қиындығы болды. Бірақ табандап, бар күш-жігерімді салып жүргіздім көлікті. Қолымда ол кезде екі келінім бар. Ана ұлдарым келіндеріме жұмыс істеуге рұқсат бермейді. «Жұмыс істемеңіз, отырыңыз үйде, біз бағамыз» деп маған да ренжиді. Көнбедім. Бір үйде 3-4 әйел бір-бірімізге қарап отырғанша, кәсіп қылайын деп шештім. Сөйтіп жүріп, механика көлігімді сатып, автоматпен жүретін көлік алдым. Ақшамды жинап, балаларым да көмектесті. Ол да «Опел» маркалы көлік еді. Ол көлігім газбен де, бензинмен де жүре беретін. Рахат еді. Оны сатып 800 мыңға Mitsubishi Lancer деген көлікті сатып алдым», - деп әңгімеледі қария.

Айымгүл апаның таксист болғанына биыл 10 жыл, осы жылдар ішінде жол ережесін бұзып, келеңсіздікке кез болмаған. Он жыл бұрын жолаушылар такси дегенді керек ете қоймайтын, ал қазір көлігі бардың дәуірі жүрген заман.

«Алғашқы жылдары адамдар таксиге отырмайтын. Көлігімді тоқтатып қойып, күн ұзаққа күтіп отырамын. Бұрынғы жолаушы не айтса да, «прав» еді. 50 теңге берсе де ала береміз, 10 теңге берсе де ала беретінбіз. Сол аз ақшаның өзін бергісі келмей, тегін жеткісі келетіндер өте көп болған. Ал қазір адамдар сауатты, тегін дүниенің жоқ екенін біледі. 10 жыл бұрын күніне 1000 теңге тапсам қуанатынмын. Бірақ ондай ақша оңайлықпен табылмайтын. Ал қазір күніне 3000-4000 теңге табамын. Өзіме жетеді. Күнделікті шәй-тұзымды сатып аламын. Одан артық маған не керек? Зейнетақым бар. Аллаға шүкір жетеді», - дейді ол.