65 мыңнан астам алматылық 1 қазаннан бастап банк қызметін ала алмайды

65 мыңнан астам алматылық 1 қазаннан бастап банк қызметін ала алмайды
Сурет: Еgemen.kz

Себебі олар мүлік салығын төлемеген.

1 қазанда 2021 жылға арналған жеке мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады, бірақ 65 мыңнан астам алматылық берешегін әлі өтемеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Төлеу мерзіміне санаулы күндер қалғанына қарамастан, Алматының 65 215 тұрғыны жалпы сомасы 945 миллион теңге салықты төлемеген. Ең көп төленбеген салық Бостандық ауданының тұрғынына тиесілі. Оның көлемі - 15,5 млн теңге», - деп мәлімдеді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.

Департамент жеке үйі, пәтері, саяжайы, гаражы және басқа да ғимараттары бар азаматтар салық төлеуі керек екенін еске салды.

Айта кету керек, салық төлеу мерзімі өткеннен кейін, яғни 1 қазаннан кейін мүлік салығын төлемегендер банктік қызметтерді ала алмайды, оның ішінде банктік шот ашу, аударымдар жасау, несие алу және тағы басқа. Бұл Салық кодексінде қарастырылған.

Әрбір кешіктірілген күн үшін Ұлттық банк белгілеген ресми қайта қаржыландыру ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар салық органдары борышкерлерге, атап айтқанда, мүлікті және банк шоттарына тыйым салу, сонымен қатар елден тыс жерлерге шығуды шектеу шараларын қолданатын сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындау үшін салық тапсырмаларын жібереді.

Бұл ретте қарыз сомасының 25%-ға дейінгі сот шығындары ұсталады.

Салықтарды төлемеуге байланысты жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер департаменті жақын күндері мүлік салығын төлеуге шақырды.

Барлық сұрақтар бойынша бірыңғай байланыс орталығына 1414 нөмірі бойынша хабарласуға болады.