62 жастағы ақтөбелік әйел АҚШ-та жүк көлігін айдап жүр

62 жастағы ақтөбелік әйел АҚШ-та жүк көлігін айдап жүр
Сурет: ашық дереккөз

Мәрияш Дабылханова 59 жасында жүк көлігін жүргізуді үйренген, қазір ол жүк көлігімен АҚШ-ты аралап жүр. Отандасымыз өмірін қалай түбегейлі өзгерткенін және өзгерістерден қорықпау жолдарын айтып берді, - деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz  Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Мәрияш Дабылханова Ақтөбе облысы, Ленин ауданы, Степное ауылында дүниеге келген. Ол мектепті Мәртөк ауданында тәмамдап, кейін Жайсаң ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеде тракторшы мамандығы бойынша білім алған.

«Үш жыл совхозда егін егіп, шабу, техника жөндеу жұмыстарымен айналыстым. Мен ол кезде 17-18 жаста едім, әрі қарай оқу керегін түсіндім. Ауылшаруашылық техникумына түсіп, агроном мамандығын алдым», - деп еске алады Мәрияш Дабылханова.

Мәрияш 1983 жылы күйеуге шыққан, қазір төрт баласы бар. 90-жылдары отбасы Ақтөбеге көшіп келген. Мұнда әйел қайтадан жаңа мамандықты игеруге мәжбүр болған. 5 жыл пошта бөлімшесінде, кейін арақ-шарап зауытында жұмыс істеген. 2014 жылы Мәрияш күйеуімен АҚШ-қа қызына қонаққа барған. Оның айтуынша, сол кезде алғаш рет ұшақпен ұшып, алғаш рет шетелде болған.

«Мен АҚШ-қа баруды армандаған жоқпын, бұл туралы ойлаған да емеспін. Америкаға қол жетпейтіндей көрінді. Туыстарымыз бізді қолдап, қуантты. Біз қызымызбен Вирджинияда тұрдық. Ұмытылмастай болды, жай ғана мәдени шок алдым: айналадағы адамдар сыпайы және мейірімді, көшелер таза, мейрамханалары үлкен», - деді ол.

Мәрияш Дабылханова жүк көлігін айдауды қалай үйреніп алғанын айтты. 

«Мен өмір бойы Ақтөбеде тұрдым, өз қаламды жақсы көремін. Бірақ АҚШ-тан соң өмірім 180 градусқа өзгерді. Мұнда да көп еңбек еттім. YouTube арқылы орыс тілді жүк көлігін жүргізушілерді көріп, олардың жұмысынан шабыт алдым. 59 жасымда жүк көлігін жүргізушілер мектебіне (жүк жүргізушілері - еск.) оқуға түстім, екі ай оқыдым. Теориядан өтіп, ағылшын тілінде 650 сұраққа дайындалып, емтиханды сәтті тапсырдым. Ал практикалық жүргізу кішігірім жолдар мен федералдық маңызы бар тасжолдарда өтті. Қазір мен 2019 жылғы Volvo VNL 860 жүк көлігін жүргіземін. Жүк көлігі барлық қажет заттармен жабдықталған, микротолқынды пеш, тоңазытқыш, шәйнек бар. Мен оған үй тағамдарын жасаймын, қара шай ішемін. Ал үйдегі тағамнан жалыққан кезде, жүк көлігі аялдамаларында кез келген дәмханаға барамын», - деді ол. 

Біір қызығы бұған дейін Мәрияш ешқашан көлік жүргізбеген.

«Тілін түсінбесем де, адамдар түсінеді, көмектеседі, мен ешқашан жасыма да, еліме байланысты да кемсіткенді сезбедім. Адамдар, керісінше, сүйсініп, қуанады. Мұнда жүк көлігін жүргізетін әйелдер жеткілікті. Ер адамдар ренжітпейді. Дөңгелекті ауыстыруға құқығымыз жоқ, мұнда тыйым салынған. Жылжымалы жөндеу бригадасы келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Мен жүк көлігінің ұсақ-түйегін жөндей аламын, мысалы, май ауыстыра аламын», - дейді Мәрияш Дабылханова. 

Мәрияш Дабылханова АҚШ-тың барлық штатында болған. Оған Нью-Йорктегі Орталық саябақ, Бостандық мүсіні қатты ұнайды. Кейіпкеріміз әр штаттың өзіндік ерекшелігі бар екенін айтты. Оның айтуынша, Техас өте үлкен штат, Вирджинияның табиғаты әсем, Аризонаның құрғақ ауасы Қазақстанды еске түсіреді. Мәрияш жолда үш аптаға жуық уақыт өткізеді, ал бір апта демалады. Қазір жерлесіміздің төрт баласы, 9 немересі бар.