100 млрд теңге қаржылай қолдау алды

100 млрд теңге қаржылай қолдау алды
Сурет: ашық дереккөз

Алматыда жыл басынан бері 800-ден астам кәсіпкер 100 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды.

Бұл туралы «Damu» қорының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Жалпы еліміздегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлер осы институт арқылы төрт бағыт бойынша мемлекеттік субсидия алып отыр. Елімізде басым экономикалық бағыт бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлерге көмек артып келеді. Нақтырақ айтсақ, ауылшаруашылық секторы, өндіріс, туризм, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету саласындағы кәсіперлерге 3 млрд теңгеге дейін субсидия беріледі. Мысалы, Алматы маңындағы мына жылыжай қызанық, қияр, баялды өсірумен айналысады. Жуырда 2 млрд теңге жеңілдетілген несие алыпты. Ол ақшаға өндірісті кеңейтіп, лимон өсіруді жоспарлап отыр. Ал қазір өсіріліп отырған көкөністің дені ішкі нарықта сатылады. 

 Мемлекеттік қолдаудың тағы бір жолы-кепілдік беру. Яғни кәсіпкерлер несие алған кезде кепілге қойылатын мүлік құны жетпеген жағдайда, қор қосымша көмек береді. Кепілдендіру бойынша 500-ге тарта кәсіпкер 20 млрд теңгеге жуық қолдау тапқан.

 Ал шағын өндіріспен айналысатын азаматтарға 20 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие қарастырылған. Экономикалық басым бағыттар талабына кірмейтін кәсіпорындарға да арналған бағдарлама бар. Алматыда тіркелген және бағдарламаға сай емес кәсіпкерлер де 6 пайызбен 100 млн теңгеге дейін несие алуға болады. 

Жандос Нұрғазинов, Damu қорының филиал басшысы:

- Мемлекеттің басты мақсаты – мынау кәсіпкердің несиелік жүгін азайту. Қазіргі уақытта 21,5 пайызбен несие алады. Соның 8 пайызын кәсіпкер өзі төлейді. Қалған 13,5 пайызын мемлекет субсидиялау арқылы төлеп береді бес жылдың ішінде. 

Жалпы, Алматы қаласында 2010 жылдан бері 15 мыңнан астам кәсіпкер мемлекеттік қолдау алған. Бұл қаражаттың мақсатты пайдалануын қор өкілдері бақылап отырады. Осылайша жұмыстарын жолға қойған кәсіпорындар салық төлеп, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып отыр.