Офицер болу арманым

Офицер болу арманым
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Қараша айында «Алматы» телеарнасынан «Академия» киносының премьерасы көрсетіледі

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы бастығының орынбасары – тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Айдос Алиев курсанттар туралы сериалдың түсірілім барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Шекара академиясының  аумағындағы саябақта бас тәрбиеші түсірілім тобының шығармашылық  ұжымымен кездесті. Бір апта бұрын басталған түсірілім бір айға созылады. Телехикаяны түсіру жұмыстары 20 күнге жоспарланған. Фильм 25 минуттық, 10 сериалдан  тұрады. Телехикаяның премьерасы 2023 жылдың қараша айында Алматы телеарнасында көрсетіледі. Сериал  Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қолдауымен түсіріліп жатыр. Кинокартинадағы қимылдар Шекара академиясының қабырғасында өтеді. Сюжетте көбінесе офицер болуды армандайтын курсанттарды көреміз. Әскери адамдардың өміріне арналған көптеген фильмдер сияқты мұнда да Отан, абырой, парыз, жауапкершілік пен патриоттық сезімі және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды тақырыптар қозғалады. Әрине, махаббат хикаяларын да айналып өтпейді.

Бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін офицер кадрларын даярлайтын әскери оқу орнының курсанттары туралы еліміздегі алғашқы сериал болмақ. Шығармашылық топты құттықтаған Айдос Абдивахабович фильмде курсанттардың қарбаласқа толы күндері туралы қызықты оқиғалар көрсетілетініне және жастардың әскери өмірге деген қызығушылығын тудыртатынына сенім білдірді. Дәстүр бойынша түсірілім тобымен бірге табақша сындырған  тәрбиеші офицер: «Бұл сериал қоғамда, оның ішінде ер адамдар арасында сілкініс тудырады деп ойлаймын», - деді.

Айта кету керек, ҚР ҰҚК Шекара академиясының ғасырға жуық тарихы бар. Әскери академия осы жылдар ішінде мыңдаған офицер кадрларды дайындап шығарды. Оның алғашқы түлектерінің қатарында генерал-майор Е.Алдажуманов бар.

«Осы сериал арқылы қалың жұртшылық шекарашылардың өмірімен жақынырақ танысып, курсанттардың болашақ мүмкіндіктеріне назар аударғанын қалаймын. Барлық жоғары сынып оқушыларын сериалды көруге шақырамын. Бәлкім, осы сериалды көрген соң келешекте олардың арасынан өз өмірін Шекара қызметімен байланыстырған нағыз кәсіби әскери, ел қорғаушысы шығатын болар», - деді бізге берген сұқбатында А.Алиев.