Жылан ініне кірмеді...

Жылан ініне кірмеді...
k1news.ru/

Бұл күздің шуақты күндерінің әлі бірқатар уақытқа созылатынын білдірсе керек

Қазан алғашқы салқын ай. Дегенмен, айдың басы ашық, шуақты болып басталды. Бұл айда талдың басында жапырақ қалмайды, бәрі саудырап жерге түседі. Жапырақ жауған кез осы. Қазекең бұл айды – ақырап, бозқырау, кемпіршуақ, құсқайтар, т.б. атаулармен атаған. Сонымен қатар, қазанның алғашқы жартысы алтын күз деп аталады.

Жылды қазекеңнің жылы, ыстық, суық деп үш кезеңге бөлгенін,  оны табиғат зерттеушілерінің тілінде – үш бунақ деп аталатынын  бұрынғы жазғандарымызда айтқанбыз. Олар: Бас бунақ – ақпанның  9-ынан маусымның 9-на дейін (қара қатқақ, ащы өзек), орта бунақ – маусымның 9-ы мен қазанның 9-ы аралығы (тұяқ терлеп, қой күрлеп), аяқ бунақ қазанның 9-ы мен ақпанның 9-ы аралығы (тоқты тоймас, шөміш кеппес). Аяқ бунақ – «тоқты тоймас, шөміш кеппес» амалы осы аптаның аяғына қарай – 9-ынан бастап кіреді. Бұл кезде шөп мал тұяғымен тапталып, көп жерде тақырланып бітеді. Қалғанын «қазан ұрады». Қанша жайылса да әр жерде шашырап  қалған шөпке мал тоймасы белгілі. «Тоқты тоймас, шөміш кеппес» деп осыдан барып айтылса керек. 

Өткен жолы қазанның қара желі қыр астында тұр дегенбіз. Сол кезең келді. Енді түнге қарай жел тұрып, күн суыта бастайды. Күндіз күннің көзі көрініп тұрса да, жылуы мен шуағы азаяды. Шөптерді қазан ұрады, ызғар еседі. Аспанды күздің қарабауыр бұлты тұмшалап, жаңбыр жауады. Қазанның қара желі басталады. Бұл – күз айының алғашқы амалы. Мұның ақ шық, сүмбіле дейтін жанама аттары бар. Амал кезінде бабаларымыз «сүмбіле туды, су суыды» деп мақалдап, балаларды суға түсуден тиған. Киіз үй жанына қазық қағып, салма салып, дауылды қара желден сақтанған.

Күннің салқындауы жан-жануарлар үшін қолайлы. Олар шыбын-шіркейдің мазалауынан құтылып, қоң жинап семіреді. Ондай мал қысқа күйлі түседі.

Қазақы пайымның болжамынша, дүркіреп жауатын жаңбырдың ауылы әлі алыс екенін  де ескертеміз. Енді он күннен кейін жаңа ай көрініс береді. Алдағы күндердің жорамалын сол кезде жаңылмай жасауға мүмкіндік туады. Табиғат тамыршысы Мәшһүр Жүсіп ескіше «...қыркүйектің 19-20-ларына жылан ініне кіреді. Жылан  ұйқыға дер кезінде жатса, күз де уақытысында бітеді, егер дер кезінде жылан ұйқыға кіріспесе күз ұзаққа созылады» деген жорамалын айтып, жазып кеткенін білеміз. Бұл қазақша есеп бойынша, қазанның 3-4-іне сәйкес келеді. Бірақ айтылған мезгілде күннің шуақты болуы себепті, жылан ініне кірмеді. Бұл күздің шуақты күндерінің әлі бірқатар уақытқа созылатынын білдірсе керек.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, қазан айының  – 5-і. Ай жүйесі айдың 20-сын көрсетіп тұр. Қазақша (ескіше) қазан айы 8 күннен кейін басталады. Апта айдың басы мен ортасына сәйкес келуде, ауа райы құбылмалы болатын түрі бар. Бірақ жылылық әзір сақталатын ыңғай танытуда. Алматылықтар үшін суықтың ауылы әлі алыс секілді...

 

БАБАЛАР  БОЛЖАМЫ

Қазанның қара желіне орай  жасалған жорамал:

*Егер бұлт желге қарай көшсе, онда кешікпей қар жауғаны, бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райының бұзылғаны.

*Бұлт шетінен ыдыраса, онда ауа райының оңдалайын дегені.

*Оңтүстіктен ұзақ соққан жел бағытын өзгертіп, шығыс жақтан соғар болса, ауа райы жақсарады.

*Оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, батыстан соғар болса, ауа райы бүлінеді.

*Бұлт көкжиектен будақ-будақ өркештене көтеріліп, іле-шала көрінбей кетсе, онда қатты жел тұрып, қақаған аяз болмақ, бұлт өркештенген күйі көтеріле берсе, қалың қардың белгісі...