Жетісулық шаруалар қант қызылшасы алқаптарына жаңбырлатып суару технологиясын енгізе бастады

Жетісулық шаруалар қант қызылшасы алқаптарына жаңбырлатып суару технологиясын енгізе бастады
Сурет: Ашық дереккөз

Бүгінге дейін Көксу қант зауыты 54 мың тонна өнім өңдеп үлгерді

 Жетісулық шаруа 300 гектар тәлімі жерге 12 жаңбырлатып суару құрылғысын орнатып, бұл алқапқа қант қызылшасын сепкен. Алдағы уақытта ылғал сақтау технологиясы енгізілген жердің көлемін 500 гектарға жеткізбек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ол Көксу қант зауытына әзірге 11 мың тонна өнім өткізіп үлгерді. Аталған серіктестік Кербұлақ ауданындағы Жоламан массивінде орналасқан. Сол сияқты солтүстік қазақстандық шаруа Давид Адамов Ақсу ауданында қант қызылшасын себуге ниет білдіріп отыр. Ол қолда бар техникасын осы өңірге әкелумен қатар, алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын орнатпақшы.

Қант қызылшасы жақсы күтіп-бапталса, ең табысты дақыл екенін қазір шаруалар түсіне бастады. Үлкен серіктестіктер ғана емес, шағын шаруа қожалықтарының өзі тыңғылықты еңбегінің жемісін көріп отыр. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, Ақсу ауданындағы «Жақсылық» шаруа қожалығы 30 гектарға қызылша сепкен, соның әр гектарынан 700 центнерден астам өнім алып отыр. Сол сияқты негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Ескелді ауданындағы «Мирас» шаруа қожалығы қызылшаға қызығушылық танытып, биыл 80 гектар отырғызған. Өнім шығымдылығы 500 центнерден айналып, жалпы 4 мың тоннадан астам тәтті түбір жинады.  Ал көксулық шағын «Жұлдыз» шаруа қожалығы 20 гектардан 800 центнерден өнім алды.  

«Қызылша шығымының жақсы болуы үшін ең алдымен жерді уақытында тыңайтып, дақылды дер кезінде сеуіп, агротехнологиялық талаптарды сақтау керек. Алқапты суару, шөптеу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылу тиіс. Соның бәрі талапқа сай болса, жер жомарт қой, өнімді үйіп береді», - дейді «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Айхан Бимұратов. 

Солтүстік қазақстандық шаруа Давид Адамов Жетісу жерінің қант қызылшасын өсіруге қолайлы екенін және мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаулар жайлы білген соң, осы аймақта тәтті түбірмен айналысуға бел буған. Қазір Ақсу ауданында келесі жылдың көктемінде дақыл себуге жерді дайындауға кіріскен. Ол осы ауданға өзінің қолда бар техникасын түгел әлелмек. Оған қоса қызылша алқабына жаңбырлатып суару құрылғыларын орнатуды жоспарлап отыр.   

Жалпы биылғы жылы Жетісу облысының жеті аймағында 160 шаруашылық қант қызылшасын сеуіп, өнім алды. Жалпы көлемі 4,3 мың гектар жерден 180 мың тонна тәтті түбір жиналып, шығымы орта есеппен әр гектарына 418,6 центнерден айналды. Бүгінге дейін Көксу қант зауыты 54 мың тонна өнім өңдеп үлгерді.   

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл Ақсу ауданындағы «Әлихан», Ескелді ауданындағы «Романенко В.», «Нам», «Дүйсенбинов», «Досанов», Қаратал ауданындағы «Орленок», «Сейд Оғлы Мұстафа», Сарқан ауданындағы «Самал», Талдықорған қаласындағы «Самай» шаруа қожалықтары әр гектарына  600 – 837,8 центнер аралығында өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Бұған шаруалардың өз кәсібіне тыңғылықты қарауымен қатар қызылша өсірудің тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тиісті көмектің де ықпалы зор болды. 

Мәселен, өткен жылы қызылшаның бір тоннасы зауытқа 22 мың теңгеден қабылданса, биыл бұл сома 30 мың теңгеге арттырылған, соның 15 мың теңгесі зауыттан, 15 мың теңгесі - мемлекет субсидиясы. Енді келесі маусымда бұл көрсеткіш тоннасына 40 мың теңгеге өсірілетін болды, яғни мемлекет өзі беретін субсидия көлемін тағы 10 теңгеге арттырып отыр деген сөз.  

«Жетісу» ӘКК мен Көксу қант зауыты бірлесе отырып, фьючерстік келісім негізінде шаруашылықтарға жыл сайын шетелдік селекция тұқымын береді.  Минералды тыңайтқыштар мен гербицид құнының 50% субсидияланады. Көктемгі-күзгі егіс және жиын-терін кезінде дизель отыны жеңілдікпен берілуде. Мәселен, биыл көктемгі дала жұмыстары үшін Көксу қант зауыты қызылшашыларға әр гектарына 100 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Зауыт бүгінде жол шығыны үшін де төлем жасап отыр. Ауданның алыс-жақындығына қарай әр тоннасына 1 мыңнан 5 мың теңгеге дейін төлем қарастырылған.

Қазір қант қызылшасына арналған ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялау көлемін 25%-тен 50%-ке дейін өсіру туралы бастама қарастырылуда.