Жастарды қолдау маңызды

Жастарды қолдау маңызды
almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік және саяси мәселелерге тоқталып, елдегі қарапайым халықтың жәй-күйі мен хал-ахуалы жайлы кеңінен ой бөлісті. Сондай-ақ, білім, ғылым, жастардың жұмысқа қабілеттілігін арттыру да Президентіміздің назарынан тыс қалған жоқ.

2023 жылы атқарылған жұмыстардың арасынан еліміздің түкпір-түкпірінен ашыла бастаған білім ошақтары, оның ішінде «жайлы мектептер» туралы да айрықша атап өтті. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысының өсуі, Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселелері де 2024 жылы ары қарай өз жалғасын табатынын айтты.

Биылғы жылы ғылым саласында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы тойланбақ. Ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның мерейтойының аясында ғылымға бар өмірін арнап, аянбай еңбек етіп жүрген жандар үшін пайдалы іс-шаралар өткізіледі деп сенеміз.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы дарынды жастарды қолдау мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Өткен жылы Президенттік жастар кадр резерві жасақталған болатын. Іріктеуден өткен кәсіби жас мамандар қазіргі таңда мемлекеттік басшылық лауазымдағы жұмыстарын бастап кеткендігін айтты.  Әлемнің күн сайын өзгеріп жатқандығын, жаңа технологиялар мен мамандықтар, салалар пайда болғанын, осы орайда өзгеше ойлайтын, тың идеялары бар жас мамандардың атқаратын рөлі зор екендігін жеткізді. Қазақ жастарына сенетінін, еліміздің экономикасы дамыған, демократиялы елдердің қатарынан көрінуі үшін аға буынның тәжірибесі мен жас ұрпақтың өзгеше сыни көзқарасының тоғысуы қажеттілігін айқындады.

Президентіміз осыған дейінгі айтқан сөздерінде қазіргі таңда нарықта техникалық мамандық иелерінің жетіспеушілігін тілге тиек еткен болатын. Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп жатқан тұста еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамызды өзіміз толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету қазіргі таңдағы ең маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Президент сайлау алдындағы бағдарламасында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген болатын. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы маңызды екенін айтты.

Білім – таусылмайтын қазына. Білімді, сапалы, бәсекеге қабілетті жастар – еліміздің болашағы. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге көшу, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есе арттыру мәселесінің ерекше қолға алыну қажеттілігін атап өтті. Ол үшін сапалы кадрларды дайындау жұмыстары жүргізілуі қажет. Осы орайда Азаматтық авиация академиясы кадр жетіспеушілігін азайтып, жұмыс беру мекемелерінің талаптарына сай авиация саласы қызметкерлеріне сапалы білім беру үшін барын салуда. Ұстаздарымыз үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, студенттерге соңғы үлгідегі методикалармен сабақ беруде. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, еліміздің дамуына барынша үлес қосу, білім мен ғылымды дамытып, өскелең ұрпақты адалынан еңбектенуге, халыққа қызмет етуге шақыру, өз азаматтық авиация саламызды тереңінен меңгеріп, нағыз кәсіби маман болып қалыптасу, Қазақстанымыздың гүлденуіне, әлемдік нарықта өз орнын ойып тұрып алуына сәл де болсын үлес қосу – әрбір қазақстандықтың Отан алдындағы міндеті болып қала бермек!