Үркер амалы басталды

Үркер амалы басталды
letsgophotos.ru

Халқымыз қылқан жапырақтылар қатарына жататын ағаштың бұл түрін ежелден қасиетті санап, кие тұтқан. Елден ұзақ сапарға шығатын азамат арша ағашының бір тұтамын кесіп алып, бойтұмар етіп, мойнына таққан. Сәуір айында гүлдеген арша тамыздың ортасына қарай пісе бастайды. Тұқымына, тұрған жеріне қарай күздің алғашқы онкүндігіне дейін өнім береді.

Қара жердің қасиетін сезіп білген.

Алғаш рет мен сені құмнан емес,

Көк сандықтың ішінен кезіктіргем.

Иіскемей біз тегі жата алмаймыз,

Қолға ұстауға әжемнен бата алмаймыз.

Аршаның шырпыдайын бір талымен

Тісін шұқып жүретін әкем байғұс.

Біз сұрасақ: «Шырағым, әрі, – дейтін, –

Әркім ұстап кетеді нәрін, – дейтін. –

Қасиетті шөп, – дейтін, – білмейсіңдер,

Тіспенішке таптырмас дәрі дейтін» , – деп басталатын ақын Серік Тұрғынбековтың «Арша» өлеңі сөзімізді тұздықтай түскендей.

Арша 300 жылдай өседі (өмір сүреді). Қасиетті болатыны – оған анау-мынау ауру-сырқау жоламайды. Сондықтан қазақ балаға бесікті арша ағашынан жасаған, мұндай бесікке қызамық, қара шешек, сияқты бәлелі аурулар дарымайды. Бір арша ағашының шығарған оттегінің мөлшері 25–30 адамның тыныс алуына жетеді екен. Сонымен қатар, 20–25 тонна шаң тозаңды залалсыздандырады және де көктемнен күзге дейін микробтарды жояды.

Осы қасиеттеріне қоса Арша өте әдемі де сұлу ағаш. Орайы келгенде айтайын: осындай қасиетін біле тұра арша әлі Алматыда көгалдандыруға кеңінен пайдаланылмай отыр. Жаңа салынып жатқан шағынаудандарда отырғызу жұмысын қолға алған дұрыс деп ойлаймын.

Тамыздың 10-ы Үркер амалы басталып, айдың 15-іне дейін жалғасады. Бұл мезгілде шөп буыны қатады, малшылар шөп шаба бастайды. Ауа райы құбылып тұрады: кейде ұзаққа созылған ақ жауын жауады. Қой жауынға арқасын төсеп жайылмай тұрып алады, мұны кейбіреулер «қойдың ораза ұстауы» деп атаса, кей жерлерде жайлауға шығып үй тіккендегі «туырлық жәйі» деп атайды. Кейде сарша тамызға жалғасқан қапырық ыстық болады...

Өткенде ай тігінен туды. Көнекөздер айдың бұлай туысын жақсылыққа балаған. Ауа райы шаруаға қолайлы болады деп есептеген. Қазақ жұрты Айды киелі санаған. Ай арқылы ауа райын алдын ала болжап отырған.

Бүгін григориан бойынша – 10 тамыз. Ай есебімен – 23-і, қазақша 4 күннен кейін тамыз айы басталады. Апта айдың алғашқы он күні мен басына және ортасына сәйкес келіп тұр. Бұдан шығатын қорытынды – ауа райы құбылмалы болады, жаңбыр сирексиді, жартылай бұлтты, көбіне күн ашық болады. Бірақ қалай болғанда да күннің жылылығы немесе ыстығы сақталады.