Ұлттық музейде отандық журналистика тарихына арналған көрме ашылды

Ұлттық музейде отандық журналистика тарихына арналған көрме ашылды
Сурет: ашық дереккөз

2023 жылдың 27 маусым күні ҚР Ұлттық музейінде Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл туралы Almaty-akshamy.kz хабарлайды Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырды.

Көрмеге қазақ баспасөз басылымдарының, радиосының, телевизиясының тарихынан сыр шертетін экспонаттар қойылды.

«Біз осы салаға жауапты министрлік ретінде журналистерге тарту жасауды ойлаған едік. Енді олардың ішінде, әрине, бірнеше жоспарымыз бар. Бүгін солардың алғашқысы ретінде Мәдениет министрлігінің де, осы Ұлттық музейдің де қолдауымен арнайы баспасөз көрмесін ашуды жөн көрдік. Осыған қолғанат жасаған, көмек көрсеткен біздің әріптестеріміздің баршасына шынайы ризашылық білдіремін»,- деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар Дархан Қуандықұлы «Қазақ» газетінің алғашқы саны 2 ақпан күні жарық көруіне орай осы күнді Қазақ ұлттық баспасөзінің күні деп жариялау туралы ұсыныс болғанын және бұл ұсыныстың қолдау тапқанын хабарлады.

 «Менің ойымша адамға көңіл-күй сыйлайтын кәсіптердің ішінде екі кәсіп бар, оның бірі – журналистика, екіншісі – мәдениет, себебі адам баласы жақсы жаңалық естісе, жақсы хабар естісе қуанады, көңілі марқаяды және де әдемі әуен тыңдаса, әдемі, мынандай біздің өнер адамдарының қолынан шыққан картиналарды көрсе көңілдері көтеріледі, сондықтан біз таңдаған мамандықтардың адам баласына пайдасы зор деп есептеймін»,- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов өзінің құттықтау сөзінде.

Көрменің ашылуына қазақ журналистикасының ардагерлері Сауытбек Абдрахманов пен Әлібек Асқаров қатысып, БАҚ қызметкерлеріне өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін жеткізді.

Көрме 16 шілдеге дейін жалғасады.