Ұлтына қызмет еткен ұл ғана ұлы бола алады

Ұлтына қызмет еткен ұл ғана ұлы бола алады
Сурет: интернеттен

Халық – ұлық,

Тобыр – былық.

***

Тобыр көкжиектен әріні көрмейді,

Бірақ мінбені бермейді.

***

Халықта мін жоқ,

Тобырдың құрамында кім жоқ?!

***

Тобыр – құйын,

Тіл табысу қиын.

***

Тобыр – дүркіреген табын,

Арнасын бұзған ағын.

***

Тобырда жол көрсеткен көсем болмайды,

Отты қаузап-қаузап қоятын көсеу болады.

***

Отаныңнан қанша шақырым ұзасаң,

Сонша шақырым рухани жақындай түсесің.

***

Туған жердің табиғаты мен

өз табиғатың – бір табиғат.

***

Отанның серкесі – абыройлы,

Еркесі – бақытты.

***

Төзе берген Ел тозып тынады.

***

Елін сатқан – ез,

Жерін сатқан – жүлік.

***

Қимайтын бір құдірет – Елің,

Қинайтын бір құдірет – өлім.

***

Ұлтын сүймеген ұл –

Рухани құл.

***

Өмір дегеніміз – тұсау,

Өлім дегеніміз – бәрінен де босау.

***

Кейбір өмірден

Кейбір өлім қымбат.

***

Істеген жақсылығың

Өзіңнен кейін де өмір сүреді.

***

Ер – еліне,

Ел – жеріне тартады.

***

Есіру – ерлік емес,

Шегіну – жеңілу емес!

***

Елді сүйе білу аз,

Ел үшін күйе білу де керек.

***

Намыссыз халық – ынжық,

Құрып бітеді жүнжіп.

***

Әр үйден сәбидің үні шықпаса,

Ұлттан ұлы шықпайды.

***

Жарың қайда болса – ескі дертің,

Елің қайда болса – есіл-дертің сонда.

***

Үйдің іргесін азамат қалайды,

Кірпішін әйел қалайды.

***

Болмаса ұлттың көсемі,

Халықтың соры бес елі.

***

Кішкене халықтың ұлына

Үлкен жүрек керек.

***

Бір адамның дегенінен шықпаған халық –

Аузын жұмған балық.

***

Халық әдетте не жетпейтінін біледі,

Бірақ не істейтінін біле бермейді.

***

Замандастарынан асқан адам болған емес.

***

Дәстүр дегеніміз –

әдетке айналған үлгілі әрекет.

***

Дәстүр ойлауды емес,

Мойындауды керек етеді.

***

Өкіметке келгенше оппозиция жақсы,

Келгеннен кейін...

***

Оппозиция қалыңдық сияқты,

Оның кім екенін

ертең әйел болғаннан кейін білесің.

***

Халықты қорғамасаң қорғама,

Бірақ қорлама!

***

Халық көп,

Адам жалғыз.

***

Тобыр бар жерде – топ,

Жалғыздық бар жерде – ой бар.

***

Көңілді ортада – шарап,

Жалғыздық бар жерде – шер мен мұң.

***

Тобыр ештеңе шешпейді,

Бірақ елдің берекесін алады.

***

Отанын сатқан зұлымда

Сатылмайтын бірдеңе бар деп ойлайсыз ба?!

***

Озуды мақсат еткен ел

Шаң жұтып артта жүрмейді.

***

Ұлттың мықты болуы

Ұл-қыздарының жаппай мықты болуына

байланысты.

***