Үкімет басшысы көмір бағасын негізсіз қымбаттатпауды тапсырды

Үкімет басшысы көмір бағасын негізсіз қымбаттатпауды тапсырды
Сурет: Еgemen.kz

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысына қатаң мониторинг жүргізілуі тиіс.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру кезеңінің қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Әлихан Смайылов былтыр республиканың шығыс және солтүстік өңірлерінде күннің ерте сууы салдарынан кезектер пайда болып, көмір бағасының көтерілгенін еске салды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, тұрғындарды, ЖЭО мен қазандықтарды қажетті көлемдегі көмірмен алдын ала қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы электр станцияларына көмір жеткізуге басымдық бере отырып, оларды қажетті вагондармен қамтамасыз етуі керек.

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алып, әсіресе тұрғындар үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауы қажет»,— деді Үкімет басшысы.

Жалпы Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері нысандарды алдағы жылыту маусымына дайындау барысына қатаң мониторинг жүргізуі тиіс, деп түйіндеді Әлихан Смайылов.