Тегіннің құны қанша?

Тегіннің құны қанша?

ВАКЦИНА ҚАНША ТҰРАДЫ?

Екпе алудан қашпаңыз, ол – індетті жеңудің жалғыз жолы!

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, өткен айлармен салыстырғанда, індет жұқтырғандардың саны екі есе қысқарған. Алматы бойынша көрсеткіш те дәл осындай. Республика деңгейінде өлім-жітім көрсеткіші 2 аптаның ішінде 1,6 есе төмендеген. Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты ауруханаларда ем алып жатқан науқастардың саны азайған. Бұл көрсеткіштерге коронавирусқа қарсы салынған екпенің де едәуір әсері барын айтып отыр мамандар.

Қазақстан халқын вакциналау үшін мемлекет бюджетінен 50 млрд теңге бөлініп отыр

Елімізде күн сайын шамамен 80–100 мың адамға екпе егіледі. Өңірлерде вакцина тапшылығы жоқ. Дегенмен халық арасында коронавирусқа қарсы екпеге әлі де қырын қарайтындар аз емес. Ал былтырдан бері жер-жаһанды бір тарының қауызына сыйғызып, әбігерге салып тұрған COVID-19 адам не ел, не жер таңдап жатпайды, жолындағы кезіккенді жайпап өтеді. Сондықтан оған тосқауыл қою үшін вакцина алу керек. Ол үшін мемлекет қалаған екпеңізді су тегін ұсынып отыр. Жалпы, Қазақстан халқын вакциналау үшін мемлекет бюджетінен 50 млрд. теңге бөлінген.

Ең алғаш елімізге биылғы 31 қаңтарда ресейлік «Спутник V» вакцинасының 22 мың дозасы жеткізілген болатын. Оның бір дозасының құны 11 мың теңгеден айналған. Ресей кейін препарат көлемінің көптеп өндірілуіне байланысты және өнеркәсіптік өндірістің технологиясын оңтайландыру есе бінен оның құнын түсірді. Бүгінде аталған екпенің екі дозасы қосымша ақысыз 5 мыңға төмендеді.

Төл вакцинамызды жасап шығару үшін ел қазынасынан 2,5 млрд. теңге жұмсалды

Ал биылғы мамырда өзіміздің отандық ғалымдар «QazCovid-in» вакцинасын жасап шығарды. Препараттың бір дозасы 4,7 доллар (қосымша ақысыз 2132 теңге) көлемінде болды. Төл вакцинамызды жасап шығару үшін ел қазынасынан 2,5 млрд. теңге жұмсалды.

Алматы тұрғындарын тегін вакциналау үшін бүгінде жергілікті билік өкілдерінің ұсынысын қолдай кеткен кәсіпкерлер қыруар қаражат тұратын сауда орындарын да халық игілігі үшін тегін берсін, аурухана, емхана ғимараттарынан бөлек, ірі сауда-ойын-сауық орталықтарынан, сауда үйлері мен базарлардан, тіпті, мәдениет ошақтарынан да арнайы орындар бөліп, екпе егу пункттерін ашты. Мақсат – халыққа тегін вакцинаны алу үшін қолайлы жағдай жасау. Сонымен, шаһарда бас-аяғы 211 екпе егу пункті жұмыс істеп тұр. Оған қоса, құрамында кәсіби мамандар бар көшпелі мобильді бригадалар ел аралап жүр. Олар тұрғындарға қолайлы орындарға барып екпе салып береді.

Өкінішке орай, біз мемлекет жасап беріп отырған осынау мүмкіндіктерді пайдаланбай отырғанымыз жасырын емес. Әлі де әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген ресми емес жалған ақпараттарға көбірек сеніп отырмыз. Бос сөздерді термелеп жүргенде көзге көрінбейтін вирус былтырғыдай тағы да бас көтертпей жүрмесе игі. Ал қазіргі таңда коронавирусқа қарсы екпеге қол жеткізе алмай қынадай қырылып жатқан немесе өздері өндіруге қауқарсыз мемлекеттер де бар.

Вакцинадан емес, вирустан қорқу керек

Өткен аптада тараған дерек көздеріне сүйенсек, биылдыққа әлем бойынша коронавирустан 1 миллион 880 мыңнан астам адам көз жұмған. Жарты жылдағы адам өлімі былтырғы көрсеткіштен асып түскен. Қазір вакциналау қарқынды жүріп жатқан батыс елдерінде эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастағанымен, Африка, Латын Америкасы мен Азияның кейбір мемлекеттерінде қауіп қайта күшейген. Үндістанда «Альфа» және «Дельта» штамдары тарап кетті. Бұл британдық және үнді деп айтылып келген штамдардың ресми атауы. Әсіресе, алғаш рет Үндістанда анықталған вирустың «Дельта» түрі мамандарды қатты алаңдатып отыр.

Тез таралатын бұл штамм жастарға да ауыр тиеді. Соңғы апталарда Оңтүстік Африка Республикасы, Уганда, Намибия, Бразилия, Перу елдерінде ауруды жұқтыру дерегі жиілеп кеткен. Бұл екпе алу бойынша бай мен кедей елдердің арасындағы алшақтықты көрсетеді. Мәселен, Африкада халықтың тек 2%-ы, ал Азияда 6%-дан астамы екпенің бірінші дозасын салдырған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары коронавирустың «Дельта» штамы Еуропада таралып, халықты қыспаққа алуы мүмкін деп ескертуден жалығар емес.

Бүгінде елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның 4 түрі қолжетімді: отандық «QazVac», сосын «Спутник V», «Hayat Vax SARS-CoV-2 Vero Cell» және «КоронаВак».

17 маусымдағы дерекке сүйенер болсақ, Алматы қаласы бойынша бір тәулік ішінде 5 802 адам вакцина алды. 1 ақпан – 16 маусым аралығында қала бойынша барлығы 357 299 адам вакцина алған. Вакцина алғандардың жалпы санынан 60 жастан асқан қарт кісілер 41 117 адамды құрайды. Қала бойынша вакцинаның қалдығы – бірінші компоненттің 80 251 дозасы және екінші компоненттің 101 691 дозасы бар. Вакцинадан емес, вирустан қорқу керек. Екпе алудан қашпаңыз. Ол - індетті жеңудің бірден-бір жалғыз жолы.