Тамара Дүйсенова: Бәріне тиісті шара қабылданады

Тамара Дүйсенова: Бәріне тиісті шара қабылданады
almaty-akshamy.kz

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-премьер Тамара Дүйсенова "ҚазҰУ-дың пәк қыздар тізімін" жариялауға кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz   Ulysmedia.kz. сілтеме жасап.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, студенттердің дербес деректері тарағаннан кейін университетте үлкен қызметтік тергеу жүргізіліп, материалдар ішкі істер министрлігіне жолданған.

– Қылмыстық іс бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Ол аяқталғаннан кейін қатысы бар адамдардың бәріне тиісті шара қабылданады. Бұл тізімді берген емханаға да, университеттің өзіне де қатысты болады. Ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бар. Бір-біріне ақпарат беру мәселесі көп болса да, құпиялылық бойынша шаралар қажет, - дейді Дүйсенова.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қызметтен кетуі керек пе деген сауалға Дүйсенова бұл сұраққа әзірге жауап беруге ерте екенін айтып, тергеу қорытындысын күтуді өтінді.

Ақпан айының ортасында Қазақстанда "ҚазҰУ қыздарының тізімі" ашық жарияланып, жанжал туған еді. WhatsApp-та 190 адамнан тұратын старосталар тобы студенттердің тізімі бар төрт құжатты тастағаны белгілі болды (1-4 курс). Қыздардың аты-жөнінен басқа, олардың ЖСН, ұялы нөмірлері және вирго (студенттердің пәктігі) туралы медициналық мәліметтер тарап кеткен.

Оқиғаға Президент әкімшілігі назар аударды. Бас прокуратура 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін бап бойынша қылмыстық іс қозғады.