Тау шаңғысына қатысатындар анықталды

Тау шаңғысына қатысатындар анықталды
Сурет: Оlympic.kz

Тау шаңғысынан Қазақстан командасының бас бапкері Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, Бейжің Олимпиадасына жолдамалардың қалай үлестірілгенін айтты

 Ұлттық Олимпиадалық комитеттің дерегінше, тау шаңғысынан Қазақстан командасында слалом және гигантты слалом бойына үш квота бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Олимпиадаға ерлер арасынан Захар Кучин қатысады, ал әйелдер арасындағы бір жолдамаға Александра Троицкая мен Каролина Лата үміткер.

Бас бапкер Алексей Шубиннің айтуынша, әйелдер арасынан Бейжіңге кімнің баратыны бақылау жаттығуында шешіледі. 

«Бізде әлі күнге дейін квоталарды бөлу процесі жүріп жатыр. Қазіргі сәтте Захар Кучиннің жолдамасы ресми түрде расталғанын айта аламыз. Захар Шығыс Қазақстан облысынан шыққан тәжірибелі спортшы. Ол 2017 жылғы Азия ойындарына, 2017-2019 жылдардағы Универсиадаға, құрлықтық турнирлер мен чемпионаттарға қатысқан. Қазір ол Олимпиада алдындағы соңғы жаттығуларын өткізіп жатыр.

Әйелдер арасында жолдамаға Александр Троицкая мен Каролина Лата үміткер. Екеуінің бірі барады. Троицкая 2020 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушысы. Соңғы шешімді біз бақылау жаттығуында қабылдаймыз. Қазір Шымбұлақта дайындық өтуде, бәрінің де денсаулығы жақсы», - деді бас бапкер.