СOVID-19: әлем елдері коронавирусқа қарсы шектеу шараларын қайта күшейтіп жатыр

СOVID-19: әлем елдері коронавирусқа қарсы шектеу шараларын қайта күшейтіп жатыр
Сурет: Synlab.fi

Коронавирустық шектеулер қайта енгізіле бастады.

COVID-19 шалдығушылар көбеюіне байланысты бірқатар елдерде коронавирустық шектеулер қайта енгізіліп жатыр,деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-ға сілтеме жасап.

Катарда 7 шілдеден бастап жергілікті тұрғындар мен туристер жабық орындарда, көліктерде бетперде киюге міндетті. Бұл ел азаматтары бір айдай уақытқа ғана шектеусіз өмір сүрді. Үкімет жабық қоғамдық орындарда маскаларды міндетті түрде киюді 21 мамырда ғана тоқтатқан болатын.

Осындай талаптар 8 шілдеден бастап Кипрде де қолданыла бастады.

«Маскаларды 12 жастан асқан барлық азаматтар киюі керек», - деді Денсаулық сақтау министрі Михалис Хадзипанделас.

Ол жаңа ережелерді енгізу себебін соңғы күндердегі барлық эпидемиологиялық көрсеткіштер мен коронавируспен ауыратын науқастарды ауруханаға жатқызу санының артуымен түсіндірді.

Түркияда медициналық қауымдастық (TTB) Үкіметке міндетті түрде маска киюді қайта енгізуге шақырды.

«COVID-19 инфекциясына шалдығу көрсеткіштері өсіп жатыр. Вакциналауды балалардан бастау керек, барлығына жабық орындарда бетперде киюді міндеттеу керек, тесттер санын көбейту қажет, олардың нәтижелері туралы күнделікті мәліметтермен бөлісу керек», - деп атап өтті медициналық қоғамдастық өкілдері.