Сот Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты

Сот Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты
Almaty-akshamy.kz

Сот Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты.

Сотталған Қайрат Сатыбалдының бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырылмады, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сондай-ақ Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінен айырылды.

Ол жазасын Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр.