СҚО-да 36 тонна дизель тиелген жүк көлігі аударылды

СҚО-да 36 тонна дизель тиелген жүк көлігі аударылды
Cурет: Inform.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Аққұдық елді мекенінің маңында 36 тонна дизель отынын тиеген бензовоз жолда аударылып қалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше 5 маусым күні сағат 16.20 шамасында Тайынша ауданы Аққұдық елді мекенінің маңында болған. Ауылға бұрылысқа 10 шақырым жетпей «VOLVO» жүк көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, машинаны аударып алған. Оның жолдың шетіндегі жыраға түсіп кетуіне дөңгелегінің істен шығуы себеп болуы мүмкін. Көлікті Нұр-Сұлтан қаласының 30 жастағы тұрғыны басқарған. Ол Уәлиханов ауданы Кішкенекөлден астанаға 36 тонна дизель отынын апара жатқан екен. Жол-көлік апаты жайында полицейлерге колоннада келе жатқан басқа жүргізушілер хабарлаған.

Оқиға орнына патрульді полиция батальонының, жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жетті.

«Жүк көлігіндегі сұйық отынды басқа машинаға құйып алып, VOLVO-ны жүк тиегішпен көтеріп шығардық. Сағат 23.00 шамасында өрт сөндірушілермен бірге көлікті Аққұдық ауылына жеткізіп салдық. Бензовоз жүргізушісі 7 сағат бойы жолда жүрді», - дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы Сақтияр Ашмадьяров.