Шымкент демографиялық өсімнен көш бастап тұр

Шымкент демографиялық өсімнен көш бастап тұр
Сурет: Egemen.kz

Шымкентте демографиялық өсім жоғары

Ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында көш бастап тұр. Демографиялық дүмпу бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

Жыл басынан бері қалада 305 егіз дүниеге келген. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда егіздер саны 100-ге артық дейді дәрігерлер. 2021 жылы сыңарымен туған шақалақтардың басым бөлігі – қыз балалар.

«Байқасаңыздар, екі немесе одан да көп сыңардың бір мезетте егіз болып тууы барысында жүктілік мерзімі қысқа, сәбилердің салмақтары қалыпты жағдайдан жеңілірек болады. Сондықтан болар, егіздердің көбісі – шалабайлар. Шала туған сәбиді перзентханадан бірден шығармаймыз. Туған күннен бастап бір айға дейін күтім жасаймыз. Осы уақыт аралығында анасы мен сәбидің денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса, үйге шығуға рұқсат етеміз», - дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігері Жанат Үсенбаева.

Шымкентте жыл басынан бері 29 105 сәби дүние есігін ашқан. Биыл туған шақалақтың 14 105-сі – қыз бала, 15 000-ы – ұл бала. Ал үшемдердің саны бесеуге жетті.