Шахматтан халықаралық турнир басталды

Шахматтан халықаралық турнир басталды
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Танымал шахматшылар Алматы облысында бас қосты.

Мұнда зияткерлік ойынның классикалық түрінен халықаралық турнир басталды. Айта кету керек, байрақты бәсеке алғаш рет ұйымдастырылып тұр. Қарасай ауданында өтіп жатқан жарысқа АҚШ, Украина, Нидерланды, Армения, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстаннан 200-ден аса спортшы қатысып жатыр. Араларында 12 бірдей гроссмейстер бар. Бұған қоса 20-дан аса халықаралық дәрежедегі спорт шебері де бас жүлдеге таласады. Турнирге шақырту алғандардың арасында Гиннестің рекордтар кітабына енген АҚШ гроссмейстері Тимур Гареев, Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасының жеңімпазы әрі Еуропа чемпионы Александр Моисеенко сияқты спортшылар кездеседі. Қазақстанның атынан әлем чемпионы Ксения Балабаева, Азия ойындарының жеңімпазы Мұртас Қажғалиев және әлемдік доданың жүлдегері Аңсат Алдиярлар сынға түсіп жатыр. Халықаралық жарыс айналмалы және швейцар жүйесі бойынша өтеді.

- 12 адам гроссмейстер атағына таласады. Сонымен қатар екінші жарысымыз өтіп жатыр. Ол «В» турнирі деп аталады. Ол жерде классикалық ойыннан 30-ға жуық ойыншы қатысып жатыр. Сонымен қатар «С» турнирі бар. Ол жерде 200-ден астам ойыншылар қатысып, блиц түрінен жеңімпазды анықтап жатыр, - дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

- Қазақстанның шахмат федерациясынан осы турнирге шақырту алғаныма қуаныштымын. Блицтегі алғашқы ойыным өте тартысты өтті. Ол кездесуде мен жеңіске жеттім. Енді классикалық шахматқа кірісіп жатырмыз. Бұл – өте қиын форматтағы ойындар. Өз басым халықаралық турнирлерге үздіксіз қатысуға тырысамын. Қарсыластарымның көбі – жақында Мәскеуде өткен турнирден оралған қыз-жігіттер. Сондықтан бұл – деңгейі өте жоғары жарыс, - деді жарысқа қатысушы Тимур Гареев.