Серік Шәпкенов Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы туралы хабарлады

Серік Шәпкенов Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы туралы хабарлады
Сурет: Gov.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі халықаралық форумға қатысты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Тараз қаласында онлайн режимінде өтіп жатқан «Әлеуметтік кәсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық форумда сөз сөйледі, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарға сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, «Атамекен» ҰКП, Әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы қазақстандық және халықаралық ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, Ресей, Израиль, Қырғызстан, Тәжікстан сарапшылар және т.б. қатысты.

Еңбекминінің басшысы өз сөзінде мемлекет ресурстарының шектеулілігі жағдайында әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуметтік мәселелерді шешудің ең тиімді әлемдік тәсілдерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

«Халықаралық тәжірибеде әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорын иелері үшін пайданы көбейту тәсілі ретінде емес, белгілі бір әлеуметтік мәселені шешу немесе қоғамға пайда беру мақсатында қызметтер көрсету немесе тауарлар өндіру ретінде түсініледі. Сондай-ақ, мүмкіндіктері шектеулі адамдар жүргізетін бизнес немесе ерекше қажеттіліктері бар адамдарды және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкерлік болып табылады», – деді Серік Шәпкенов.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік дамыған елдерде (Ұлыбритания, АҚШ және Оңтүстік Корея) әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша көптеген даму институттары бар, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік кәсіпкерлер көп, қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары тұрақты негізде көрсетіледі.

Әлеуметтік кәсіпкерлік қалыптасу сатысындағы елдерде (Колумбия, Египет, Үндістан) қолдау шаралары тұрақты негізде көрсетілмейді, даму институттары мен әлеуметтік кәсіпкерлердің болмауы не болмашы саны байқалады.

«Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау үшін салық заңнамасында бірқатар ынталандырушы шаралар қарастырылған. Мысалы, мүгедектігі бар қызметкерлер саны 51%-ды құрайтын ұйымдар корпоративтік табысқа салынатын, әлеуметтік және жер салығынан босатылған, мүлік салығын есептеу кезінде оларға жеңілдіктерге беріледі», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, барлық салық төлеушілер, тіпті әлеуметтік кәсіпкер емес адамдар үшін келесі жеңілдіктер қарастырылған:

- мүлікті қайтарымсыз (коммерциялық емес және әлеуметтік ұйымдарға) берген  немесе қайырымдылық көмек көрсеткен кезде құнға салық салынатын табыстың мөлшері 4% - ға дейін төмендетіледі;

- мүгедектігі бар адамдарға төленген еңбекақыға салықтық мөлшерлеме 2 еселенген мөлшерге және мүгедектігі бар адамдарға төленген еңбекақы және басқа да төлемдерден әлеуметтік салық сомасынан 50% - ға төмендетілді;

- мүгедектігі бар адамдар жеке табыс салығын төлеуден босатылды (күнтізбелік жыл үшін 882 еселенген АЕК немесе 2,4 млн теңге шегінде).

Бұдан басқа, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлері оларды жұмыспен қамту мақсатында мүгедек адамдардың ұйымдарынан ғана сатып алынады. 

«Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға назар аударған маңызды. Өткен аптада Парламент Сенатының депутаттары Әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері бойынша заң қабылдады. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың нақты анықтамасы мен бағытын қалыптастыруға, қандай да бір кәсіпорынды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісіне жатқызу критерийлерін айқындауға, мемлекеттік қолдау шараларын жүйелеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.

Өз сөзінің соңында Серік Шәпкенов Тараз қаласында өтіп жатқан форум әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді, сондай-ақ іс-шараға қатысушылардан заңнамаға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, түрлі алаңдарда әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесін белсенді ілгерілетуді сұрады.

Екі күндік форум аясында мынадай тақырыптарда 3 панельдік сессия өтеді: «Әлемдегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту. Даму үрдістері», «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау тетіктері», «Халықаралық тәжірибе. Пайдалы лайфхактар мен құралдар» атты семинар, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша мастер-кластар өткізілді.