Сәбит Оразбай. Өмірдің өзі - театр

Сәбит Оразбай. Өмірдің өзі - театр
almaty-akshamy.kz

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сахна саңлағы Сәбит Оразбай қазақ театры мен кино өнері тарландарының сахна сыртындағы әзiл-оспағын, театрдан тыс тіршілігін, қарапайым өмірдегі әртүрлі қызық оқиғаларын және өнер жайындағы өз ой-толғамын арқау етеді. Автордың бұл әңгімелері жылдар бойына «Алматы ақшамына» үздіксіз жарияланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген.

Төменде С.Оразбайдың, актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақов жайында естеліктерін жариялап отырмыз.

Ел есiндегi Елағаң

«Шоқ басқан тауық сияқты...»

Гүлсара деген апай менi iздеп келдi. «Қайдан iздеймiн, қайдан табамын», – деп жүредi екен. Менiң естелiгiмдi оқығасын, бел буып iздеуге кiрiсiптi. Театрдағы спектакльдердiң бәрiн көредi екен. Мамандығы – педагог. «Ерен еңбегi үшiн» деген медалi де бар. Соғыстан кейiн, елуiншi жылдарда Елубай Өмiрзақовпен Қостанайдан Алматыға бiрге келiптi. Сол оқиғасын маған айтып бердi.

Ол кезде «қызыл вагон» деген болады екен ғой. Оған мiну қиынның-қиыны көрiнедi. Гүлсара темiр жолда жұмыс iстейтiн ағасының арқасында құрбысы екеуi вагонға мiнiп, ең жоғарғы орынға орналасып алады. Ол вагонда белгiлi орын болмайды, кiм мықты, кiм күштi орынды сол алып алатын көрiнедi. Алматыға дейiн алты күн жүредi. Сiбiрдiң қалаларын түгел аралап, сосын келедi екен.

Вагонға бiр кiсi келдi де, шалқасынан құлады дейдi. Селкiлдеп, аяқ-қолы ербеңдеп жатыр дейдi. Қазақ кiсi екен. Қасындағы адам «Япырмай, япырмай, мынанiкi ұстап қалды-ау, қане тұрыңдар, дұрыстап жатқызайық» деп бәйек болады. Аузынан көбiгi ағып, тiлi салақтап, көзi алақтап жатқан адамды көргендердiң бәрi басқа орындарға қашып кетiптi... Сөйтсе, сол кiсi Елубай Өмiрзақов екен. Жасап келе жатқан қулығы көрiнедi. «Сол кiсiнiң арқасында вагонда адамдар азайып, айналамыз кеңiп, ұйықтап, демалып жақсы келдiк», – дейдi

Гүлсара апа әңгiмесiн жалғай түсiп. Әр жерге поезд тоқтайды. Су алу керек. Адам көп, бәрi ыдысын көтерiп су iздеп жүр. Су ағатын құбырдың маңайы

ұзын кезек. Елағаң ыдысты алады да, ең алдына барып тұра қалады екен. Бәрi танып қалған, «Ой, алыңыз, алыңыз» деп ығысып жол бередi. Егер бiреу-мiреу қарсы келсе, тура көзiне қарап, бетiн қисаң еткiзетiн көрiнедi, анау жаны қалмай, қаша жөнеледi. Содан не керек, алты күн дегенде Алматыға жетiптi.

Қастарында Жанар Жалмұхамедова, Қапан Бадыров, Жамал Омарова, барлығы 7 адам, мына екi қызбен 9 болыпты. Алматыға жақындағасын бұлардан қайда бара жатқанын, мақсаттарын сұрайды. Оқуға бара жатқанын, түссе түсiп, түспесе елге қайтатындарын айтады. Бұлар Елағаңның жоғарыдағы әрекеттерiнiң бәрi ойын екенiн түсiнедi. Сосын ашылып сөйлесе бастапты. Егер қастарына бөтен кiсiлер отырып, ауа тарыла бастаса болды, Елағаң әдетiне басып, екi қолын ербеңдетiп, көзiн алартып шыға келедi екен. Әлгiлер: «Господи, что это такое?» деп зәрелерi ұшып орындарынан тұрып кетiп қалады екен. Ел кеткесiн қыздарға қарап ақырын жымиятын көрiнедi. Бiзге «Оқып, дайындалып жүрген кiтаптарың бар ма?» – дейдi. «Бар», – дедiк. «Әкелiңдер», – дедi. Әкелiп бердiк. Менiң кiтабыма: «Айналайын қызым, Гүлсара! Бақытты бол! Қазақстанның халық әртiсi Елубай Өмiрзақов» деп жазып, қолын қойып бердi. «Мына менiң қолтаңбамды емтихан тапсырған кезде мұғалiмдерге көрсет. Оқуға түсесiң, түскесiн маған кел», – дедi.

Қазақстанның халық әртiсi деген атақтың құдыреттiлiгi сонша, сол екеуi де оқуға түсiптi. Емтихан алған мұғалiмдер «Сендер Өмiрзақовтың қызысыңдар ма?» деп сұрайтын көрiнедi. Немере қызымыз деп айтады екен. Қажеттi бағаларын қойып берiптi бәрi де. Бұл бiр жағы, сол кезде адамдардың өнерпаздарды аса құрметтегенiнен де болса керек.

Орайы келгенде айта кетейiн, Өмiрзақов – «Қазақстанның халық әртiсi» атағын ең бiрiншi болып алған актер. Кейiн «Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi» деген атақ шықты ғой.

«Соны маған неге бермейдi?» деп өкпелептi. «Еңбек сiңiрген деген мықты емес пе? Бәрiн айшықтап көрсетiп тұр» дейтiн көрiнедi. Басшылар халық әртiсiнiң жоғары атақ екенiн түсiндiргесiн райынан қайтқан екен. Елағаңның бала сияқты сәл нәрсеге өкпелей салатын әдетi де болатын. Бiрақ, ар жағына ештеңе сақтамайтын. Содан әлгi қыздарға қайта оралайын. Олар оқуға түскесiн көкелерiн iздеп театрға барады ғой. Алғашқыда iшiне кiргiзбептi. Сосын баяғы кiтапты көрсетедi. Оқыса, Елағаңның жазуы. Жiбермей отырған адам жүгiрiп кетедi де, Елағаңды ертiп келедi. Селтең-селтең етiп, шоқ басқан тауық сияқты жүрiсiнiң өзi қызық екен дейдi. Құшағын жая қарсы алған Елағаң екеуiне театрдан жұмыс тауып қойғанын айтады. Ол кезде сахна шымылдығын ашып-жабатын техника жоқ қой. Арнайы қойылған адам ашып-жауып тұрады. Сол жұмысқа бұларды алғызатын болып, театр директорымен сөйлесiп қойыпты. «Бұл өте жауапты жұмыс. Екеуiң сахнаның екi шетiнде тұрасыңдар. Осында Қарас Ахметович деген инспектор бар. Сол «аш» десе ашасыңдар, «жап» десе жабасыңдар. Ақырын аш десе ақырын ашасыңдар, жылдам аш десе жылдам ашасыңдар», – дейдi.

 

Шашты, мұрт пен сақалды өсiрiп жүргiзбейтiн

 Осы жерде Қарас Ахметич туралы айта кетейiн. Ол театрдағы труппаны басқаратын. Спектакльдiң жүргiзiлу барысын, актерлердiң сахнаға шығуын реттейдi. Әртiстердiң тiкелей бастығы сол. Бiр жаққа баратын кезде: киноға түссек, радионың хабарына қатысатын болсақ, бәрiмiз сол кiсiден сұранамыз. Өте қатал. Бiрақ, әдiлетсiздiк жасамайтын. Тәртiптi қатаң сақтайтын, бiзден де соны талап ететiн. Бiздiң өтiнiшiмiздi жоғарыға жеткiзетiн, сосын жоғарыдан бiртiндеп шешiлiп жататын. Тәртiптi болсаң, сұранған жағыңа барасың. Тәртiпсiз болсаң, бармайсың.

Мәнтай деген актер ағамыз болды. Үнемi iшiп, қызып жүретiн. Сол әрекетiн Қарас ағамыз бiлiп қояды екен. Кездескен сәтте: «Ой, Мәнтайым, айбыным, Өзiң барда қажытпайды қайғы-мұң», – деп бас салып құшақтап бетiнен сүйiп, сосын басын жұлып алып: «Әй, iшiп қойыпсың ғой!» дейтiн көрiнедi.

Мәнтай ағамыз Шәкен Аймановқа: «Осы Қарастан құтыла алмадым, қалай iстесем де iшкенiмдi бiлiп қояды», – дептi. Сонда Шәкен аға: «Сен бұл түрiңмен Қарастан бұл дүниеде де, о дүниеде де құтыла алмайсың», – дейдi. Мәнтай: «Не iстеймiн ендi. Кейде басым ауырып өлiп қала жаздаймын. Сосын iшемiн. Iшкенде қайғы-қасiрет те сейiлгендей болады», – дейдi. «Олай болса, ең дауасы – клизма жаса. Арақ iшек арқылы iшiңе кетедi, өзiң рахаттанып жүре бересiң, әрi аузыңнан иiс шықпайды», – деп кеңес берiптi Кенжетайұлы. Мәнтай соны жасаймын деп тiк iшегiн күйдiрiп ала жаздап, ауруханадан бiр-ақ шығады.

Қарастың кезiнде театрда тәртiп болды. Болғанда да, тiптi, қатал болатын. Ешкiм шашын өсiрiп, немесе мұрт пен сақал қойып жүрмейтiн. Спектакль басталардан екi сағат бұрын келетiнбiз. Театрға қалай болса, солай киiм киiп келу, дабырлап сөйлеу дегенге де жол бермедi. Ондай адамды әртiстердiң жақтырмайтыны да рас қой. Бiрақ, Қарас Ахметич тәртiптi орнатты. Театрдың iшi тып-тыныш. Мұнтаздай таза болатын.

Артық жүрiс, жағымсыз дыбыс деген болмайтын. Мешiтке кiргенде адам өзiн бiр түрлi ерекше сезiнедi ғой, бiздiң театрға кiргенде де сондай ерекше сезiмге бөленетiнбiз. Құдыреттi, қасиеттi сезiнгендей, соларға бас игендей болатынбыз.

Сонымен Гүлсара апаның әңгiмесiне қайта оралайын. Елағаң екi қызды Қарас Ахметичке жолықтырып, сахнаны ашып-жауып тұру жұмысына алуын өтiнедi, директормен келiскенiн айтады. «Алыстан – Қостанайдан келiптi оқу iздеп, осы жерден күндерiн көрсiн» дептi.

«Жұмысқа қабылдандық. Екеумiз сахнаның екi жағында тұрамыз. Музыка баяулап естiле бастағанда бiз де ақырындап шымылдықты аша бастаймыз», – деп есiне алады апа өткен кездерiн. Әртiстердiң бәрiн бiлiп отыр. Серағаңды да, Құрманбек Жандарбековтi де, Құрманбектiң бiрiншi әйелiнiң Қарагөздi ойнағанын да бiлiп отыр. Қапан Бадыровтың суфлер болғаны да есiнде. Бiз бiлмейдi екенбiз, Қапан аға алғашқы кезде театрда суфлер болып iстеген екен. Шәкен Кенжетайұлының «Ақан серi – Ақтоқтыда» Абыздың рөлiн, басқа да рөлдерiн бiлiп отыр.

Бала кезiнен осы театрда жүргесiн бәрi ол кiсiге таныс. Кейiнгi кездерге дейiн спектакльдерден қалмайды екен. Қазiр денсаулығына байланысты бара алмайтын көрiнедi. Сонда да болса жаңа қойылымдардан қалмайды екен. Ұлы Бөгенбай, келiнi, басқа балалары да, бәрi шетiнен бизнеспен айналысады.

Тұрмысы, жағдайы жақсы. Осылайша елуiншi жылдары шалғайдағы ауылдан келген екi қыз бiлiм алып, мұғалiм болып қызмет атқарып, ендi, мiне, ақшашты, қазыналы қария болып отыр. Алматыға бiрге келген құрбысы өмiрден өтiптi. Ол да бiлiм алып, елге еңбегiн сiңiрiптi.

 

«Спектакль көрiп қана қойған жоқпыз, өмiр сүрудi де үйрендiк»

 Сол кезгi халықтың театрға көп келетiнiн, әртiстердi құрметтейтiнiн, театрдың iшi жұмақтай таза, әсем де сәндi болатынын айтып отыр. «Әртiстердiң киiм киiсiне, жүрiс-тұрысына таңқалатынбыз, үлгi алатынбыз.Солардай әдептi, мәдениеттi, әдемi болуға талпынатынбыз. Қысқасы, бiз театрдан спектакль ғана көрiп қайтпайтынбыз, өмiр сүрудi үйренiп қайтатынбыз. Қазiргi театр ондай әсер етпейдi. Алба-жұлба киiнген әртiстерден бiрдеңе үйренбек түгiлi, бетiне қарауға қорқасың. Тар шалбарлары жыртылып, шашақталып кеткен.

Өздерi қалай болса солай жүредi, сөйлейдi. Әсiресе үйренуге келген студенттер (болашақ әртiстер) саңқылдап күлiп, таңқылдап сөйлейдi. Залдың iшiнде отырып ұялы телефонмен сөйлеседi. Қойылымды дұрыстап көрмейдi, өзгелерге де кедергi жасайды. Бастан-аяқ ұйып тыңдап, ықыласпен көрмегесiн не ұғасың? Соны сендер, жасы ұлғайған әртiстер, айтып, ескертiп қоймайсыңдар ма?» – деп ескертудi де ұмытқан жоқ.

Елағаңның бұл жақсылығын бұрындары да Қапан ағадан естiгенмiн. Бiрақ ол кiсi өз кiтабында жазбапты. Бақсылық неден басталған деген сөз қозғалғанда, бәрiмiз Елағаңды еске аламыз.Ол кiсi кинода («Алдаркөседе») бақсының бейнесiн өте керемет ойнады ғой.

 

Елағаңның үш «тәжiрибесi»

 Елағаң – Елубай Өмiрзақов, Амангелдiнiң рөлiн ойнап, қазақты дүние жүзiне танытқан кiсi ғой. Бұл кiсi – ешкiмге ұқсамайтын, қалжыңы қалтасында жүретiн адам. Өзi өмiрi күлмейтiн. Күлсе де терiс қарап, мырс-мырс ететiн. Күлген кезде жарықтықтың екi иығы көтерiлетiн, бiттi.

Театрдың iшiнде бөлме болатын, әртiстердiң бәрi келiп демалып отыратын. Темекi тартатын жер емес, демалыс бөлмесi дейтiн. Қыстың аяқ кезi. Бiр күнi театр әртiстерi демалып отырғанбыз. Елағаң: «Мен өмiрiмде дәрi iшкен адам емеспiн. Ал мынау тымаудың мың да бiр емi – сарымсақ (тау пиязы) екен», – дедi. Бәрiмiз тыңдап отырмыз. Оншақты адамбыз. Елағаңның сырын бiлетiндер мырс-мырс күлiп қояды. Қасымда отырған кiсiден «Неге күлесiз?» деп сұрасам, «Қарап отыр, қазiр Елағаң үш-төрт адамды түсiредi», – дедi. Тындап отырмыз. Содан Елағаң әңгiмесiн соза түстi: «Бұл тау пиязы, жаңа айттым ғой, мың да бiр ем. Бiр-бiрден екi танаудың iшiне салып алсаң, ешқандай ауру, әсiресе, тұмау жоламайды. Тiптi дәрiнiң керегi жоқ», – дедi.

Сәлден соң Елағаң екiншi тәжiрибесiн айтты: «Алдымызда 1- май мерекесi келе жатыр. Бәрiмiз жылдағыдай парадқа шығамыз (ол уақытта парадқа шығу үлкен дәреже едi. Әрбiр еңбек ұжымы мiндеттi түрде шығатын). Менiң үйде ақ брезенттен тiгiлген топылиым бар. Биыл ептеп көнерiп қалған болуы керек. Соның сыртына тiс жуатын пастаны баттастырып жағамын да, қазанда қайнап тұрған суға бiр батырып, тез ала қоямын. Сол қалпында аппақ болып қатады да қалады», – дедi.

Елағаң әлi сөйлеп отыр. Бiз тыңдап отырмыз. Үшiншi тәжiрибесiне көштi: «Iш құрылысына таптырмайтын бiр ем бар. Өзi оп-оңай, қазақы ем. Шараптың қақпақтарын жинап, соларды әбден қайнатып iшсең, iшiңнiң бәрiн тазалап, жаның рахатқа батады», – дедi. Сонымен әңгiме бiттi. Бәрiмiз өз шаруаларымызға кеттiк.

Елағаңның тәжiрибесiн бiрiншi болып қолға алған – Мүлiк Сүртiбаев ағамыз. Екi танауына тау пиязын салып алып, театрда жүредi. Бiр күнi троллейбуспен қызметке келе жатады. Жерде қар бар, күн суық кез екен. Ол кезде троллейбустың алдыңғы жағында орындықтардың орналасуы бiр-бiрден болатын. Екi орыс кемпiрi сол орындықтарда қарсы отырып әңгiменi заулатып келедi екен. Солардың маңайына жайғасады.

Ойламаған жерден қос танауы жыбырлап, түшкiргiсi келедi. Мүлiктiң өзi айтады: «Шалқайып тұрып түшкiргенiмдi өзiм де байқамай қалдым. Қос танауымдағы екi сарымсақ әлгi екi кемпiрдiң мандайларына барып сарт етiп, жабыса қалды.

Кемпiрлер: «Это что за безобразие!» – деп айқайды салды. Кешiрiм сұрап жатырмын. Онымды елейтiн олар жоқ, байбаламға салып жатыр. Троллейбус iшiндегiлер де ыңғайсызданып, бiресе қос кемпiрге, бiресе маған қарайды. Кейбiрi не болғанын түсiнген де жоқ. Мен ұялғанымнан театрға жетпей, Калинин көшесiнен түсiп қалдым», – дедi.

Сәлменов Рахметолла деген ағамыз бар едi. Жақсы әртiс едi. Серағаңның екiншi партиясын сол ойнайтын. Серағаң Қарабайды ойнайды, ол да ойнайды. Екiншi тәжiрибенi жүзеге асыру сол ағамызға дөп келедi. 1-май мерекесi жақындайды. Рахметолла ағамыз ертең мереке деген күнi, яғни, сәуiрдiң 30-ы күнi әйелiне кастрольге су құйғызып қайнатқызады. Өзi брезент топылиына тiс пастасын жағып, екi бауынан ұстап тұрып қайнап тұрған суға салып, қайтадан суырып алады. Қайнап тұрған су қойсын ба, екi ұлтаны сыпырылып түсiп қалады. Парадқа киетiн аяқ киiмiнен айрылған Сәлменов күйiп-пiсiп, үлкен кiсiнi сыртынан балағаттайды. Әйелi «үлкен кiсiде нең бар, ұят емес пе?» десе, «ойбай-ау, сол үлкен кiсiнiң тәжiрибесi ғой бұл» – деп одан сайын күйiп-пiседi.

Бұл әңгiме осымен бiтсiн, ендi Елағаңның үшiншi тәжiрибесiне келейiн. Күләш деген әртiс болды. Сол балаларына: «Асқазаным қыжылдайды, iшектерiм жөндi жұмыс iстемейдi. Шарап шынысының тығынын жинаңдар, соны қайнатып iшемiн. Елағаң көптi көрген кiсi, соның тәжiрибесi», – деп, жиналған тығындарды әбден қайнатып, сәл салқындаған соң бiр стаканын тартып жiбередi.

«Ойбай, не дейсiң, Күләштiң жағдайы нашар», – деп естiдiк. Тығынның суы iштi кептiрiп жiберген. «Дәрiгерлiк көмек» шақырып, дәрiгерлер қарнын тесiп, ауасын шығарыпты...

Сәлменов парадқа келмедi. Жиналыста неге келмегенiн сұрапжатыр. «Елағаң бiр тәжiрибе айтып, соны жасаймын деп топылиымнан айрылып қалдым», – дейдi. Елағаң айтады: «Ей, айналайындар, мен сендерге жаса деп айттым ба? Айтқаным жоқ. Ол өзiмнiң тәжiрибем. Топылиды ыстық судан бiрден шығарып алу керек едi. Сен көбiрек ұстап қалғансың. Қайнап тұрған су топылидың ұлтаны түгiлi, қолыңның да бiр қабат терiсiн сыдырып түсiредi ғой. Оның үстiне мен сендерге солай жасаңдар дегенiм жоқ. Айтқан болсам, сотқа берiндер», – деп бойберер емес. Жұрттың бәрi қыран-топан күлiп жатыр. Ахат деген ағамыз бар едi: «Ой, сендер аңқау екенсiңдер ғой. Бiз ондай тәжiрибеден баяғыда өткенбiз», – дейдi.

Сөйтiп, Елағаңның 3 тәжiрибесiнен 3 адам зардап шегiп, өлiп қала жаздаған едi. Жарықтық, Елағаң осындай ойыншыл адам едi.