QazVac-қа неге халықаралық куәлік берілмеді?

QazVac-қа неге халықаралық куәлік берілмеді?
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Құрылысына 9 млрд теңге бөлінген отандық вакцина шығаратын зауыт 2021 жылы шілде айында іске қосылды.

Ол туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Вице-министр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасына не себепті куәлік бермегенін түсіндірді.

ДДСҰ-ның тәртібі бойынша вакцинаны шығарудың толық тізбегі болуы керек. Бұл дегеніміз QazVac шығарылатын зауытта екпенің биомассасынан бастап вакцинаны құю мен қаптау де жолға қойылуы шарт.

"Қазіргі кезде вакцинаны құю желісіне GMP-куәлік бар. Нысанның екінші кешенін салу жұмыстары аяқталуға жақын. Сол жерде биомасса жасалады. Құрылыс толығымен аяқталғаннан кейін тағы бір GMP-куәлік беріледі, содан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының куәлігін алуға мүмкіндік болады", - деді Есмағамбетова.

Оның айтуынша, зауытта басқа вакцина шығарылса да, оған да халықаралық куәлік алуға болады.

"Кез келген биофармацевтикалық зауыттың құрылысы – өте күрделі процесс. Оған жоғары талаптар қойылады, оны орындау үшін көп уақыт керек. Дегенмен біз зауыттың құрылысын және бірінші желісін іске қосуды аз уақыттың ішінде іске асырдық", - деп атап көрсетті вице-министр.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ДДСҰ-ның QazVac-ты не себепті тіркемегенін айтқан. Оның сөзіне қарағанда, вакцинаны өндірушілер ұйымның шарттарын орындамаған.