Ерболат Досаев Алматыдағы қар күреуге қатысты пікір білдірді

Ерболат Досаев Алматыдағы қар күреуге қатысты пікір білдірді
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаевқа тротуарлар мен жолдарды қардан тазарту сапасы жайлы сұрақ қойылды.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жауабы: Көлік кептелісі, көлік легінің тығыздығына қарамастан бірер күн бұрын жауған 27 см қарды күреуде сапалы жұмыс істеп жатырмыз. Магистральдық көшелер мен аялдамалар күрелді, тротуарлардың қарын жинауды аяқтап келеміз. 

Мен қаланы үнемі аралаймын, әсіресе қар жауғаннан кейін көшедегі қар шығару жұмыстарын көремін. Кеше, таңертеңгі сағат 8-де қар жаууы тоқтаған кезде, біз әрине, қарбалас уақыт басталғанға дейін бәрін жинап үлгере алмадық (артық трафик жасамас үшін қарбалас уақытта қар күрейтін техникалар магистральдарда жұмыс істемейді - ред.). Жұмысшылар қар жинауға шықты, жұмыс тоқтамады. Бір түннің өзінде қаладан 10 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Естеріңізге сала кетейік, 16 қаңтар күні сағат 22:30-дан 17 қаңтар күні таңғы сағат 09:00-ге дейін Алматыда қар жауды. Түнде жауған қарды 30 қар тиегіш, 11 автогрейдер және 83 өзі түсіргішпен шығарылды. Қазір жол шетіндегі жиектастардың қарын шығару жұмыстары күшейтілді. Қар жауа бастағаннан бері 3177 тонна көктайғаққа қарсы материалдар пайдаланылды. 430-дан астам жинау машиналары тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын, әлеуметтік маңызы бар нысандардың кіреберісін тазалайды. Аялдамалар мен жер үсті өткелдеріндегі қарды шығаруға 1 110 жұмысшы жұмылдырылған.