Президент қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына құран бағыштады

Президент қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына құран бағыштады
Сурет: Akorda.kz

Мешітке Тоқаевпен бірге бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да барды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Хазірет Сұлтан мешітіне барып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына құран бағыштады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екеуі жалпы залда отырды. Осыдан кейін Мемлекет басшысы «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Президент ескерткішке гүл шоғын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың рухына тағзым етті. Шараға нәубет жылдары зардап шеккен отандастарымыздың жақындары мен туыстары да қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліміне сәйкес, 1921-1954 жылдары «халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді. Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылықтың құрбаны болды.

Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг пен Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл көрсеткіштен едәуір көп.

1930-1940 жылдары миллиондаған кеңес азаматы Қазақстанға депортацияланды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзербайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге неміс, грек, шешен, ингуш, қарашай, балқар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың жалпы саны - 1 миллион 200 мыңның шамасында.