Президент кубогында Денис Евсеев финалға жолдама алды

Президент кубогында Денис Евсеев финалға жолдама алды
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстандық, әлемнің 412-ракеткасы, 30 жастағы Денис Евсеев елордада Президент кубогы үшін өтіп жатқан челленджер турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингте 357-орында тұрған 22 жастағы түркиялық Янки Эрельмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда Денис 3:1 есебімен алға кеткенімен, түркиялық спортшы таразы басын теңестірді. Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте Евсеев тағы бір брейк жасап, сетті аяқтады – 6:4.

Екінші сет барысында қазақстандық спортшы екі рет брейк жасап, есепті 5:2-ге жеткізді. Бірақ матчқа доп бергенде, нүкте қоя алмады. Тек екінші мүмкіндігін пайдалана алды – 6:4.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Евсеев 4 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, қазақстандық спортшы Президент кубогы үшін додада екінші рет финалға жолдама алды.

Денис Евсеев бас жүлде үшін рейтингте 550-сатыдағы өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен таласады. Ол әлемнің 570-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловскийді оңай ұтты – 6:3, 6:1.