Өзбекстанда ел президенттігіне төрт үміткер таласады

Өзбекстанда ел президенттігіне төрт үміткер таласады
Сурет: ашық дереккөз

Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлау алдындағы бәсекеге қатысатын төрт үміткерді тіркеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Gazeta.uz сайтының хабарлауынша, Шавкат Мирзиёев Либералдық-демократиялық партиядан, Халықтық-демократиялық партиядан - Ұлықбек Иноятов, «Адолат» социал-демократиялық партиясынан - Робахон Махмудова және Экологиялық партиядан - Абдушукур Хамзаев тіркелген, деп жазды kz.kursiv.media. 

Өз кезегінде «Миллий тикланиш» партиясы өз кандидатурасын ұсынбай, қазіргі Президент Шавкат Мирзиёевтің кандидатурасын қолдады.

Сайлау науқаны 7 маусымда басталады. Сайлау 2023 жылдың 9 шілдесіне белгіленген.

Еске салайық, мамыр айының басында Өзбекстан мемлекет басшысына кезектен тыс Президент сайлауын жариялауға мүмкіндік беретін конституциялық заң қабылдаған болатын.

Шавкат Мирзиёев 8 мамырда Олий Мажлис палаталарының, партиялардың, сот және атқарушы билік органдарының басшыларымен референдум қорытындысына арналған жиында кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өзбекстанда наурыз айында Өзбекстан Республикасының Конституциясы туралы заң жобасында Өзбекстан Президентінің өкілеттігін бес жылдан жеті жылға ұзарту туралы тармақ енгізілген. Өзбекстан Конституциясының жаңа редакциясына 27 бап енгізу жоспарлануда. Баптар саны 128-ден 155-ке дейін өседі. Осылайша республиканың негізгі заңы 65 пайызға жаңармақ.