Отан қорғаушылар мерекесі ұлықталды

Отан қорғаушылар мерекесі ұлықталды
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Жиынның мақсаты – жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Алматы қаласы Медеу ауданының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы алаңда «Отан қорғаушылар күні» аталып өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz. 
7 мамыр мерекесіне арнайы орайластырылған шара аудан белсенділерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға әскери қызметшілер, әскери шені бар зейнет жасындағы ардагерлер, қала тұрғындары, спортшылар және әртүрлі сала мамандары қатысты.

Жиынның мақсаты – жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу және патриотизм бағытындағы жұмыстарды жандандыру. Сондықтан да ел іргесі берік болуы үшін түрлі патриоттық шара көрсетілді, рухты көтерін әндер орындалды. Сонымен бірге әскери саптық жүріс, күрес сайыстары көрсетілді.

«Біз «Отан қорғаушылар» күнін аса қадірлі деп санаймыз. 1992 жылы Президент Жарлығымен осы күн енген болатын. Сондықтан дербестік алған шақта өз әскеріміз құрылды. Бұл үлкен мәртебе, абырой болды», - деді Медеу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахтияр Камалов.

Сонымен қатар ел бірлігін сақтау, іргені тыныштықта ұстау маңызды. Осындай қағидалар қатаң сақталу қажеттігі анық.

«Медеу ауданы ұйымдастырған әскери парадтық шараны көруге жылда келеміз. Өзім зейнетте болсам да бұл күнді аса қадірлейміз. Немерелерімді ертіп келуге тырысамын. Осындай игі дүниені көріп, патриот болсын дейміз. Әрқашан Қазақ елі аман-есен болып, дами берсін», - деді қала тұрғыны Нұрғасыр Қайырғалиев.