Өрттен зардап шеккен қостанайлықтар телекоммуникация ақысынан бір жылға босатылды

Өрттен зардап шеккен қостанайлықтар телекоммуникация ақысынан бір жылға босатылды
Сурет: Ашық дереккөз

Тұрғындардың берешегі жабылып, өсімпұлы алынып тасталады

«Қазақтелеком» өрттен зардап шеккен қостанайлықтардың телекоммуникация қызметтеріне қарызын кешіріп, жыл соңына дейін Әулиекөл ауданының тұрғындарын абоненттік төлемнен босатты. Бұл туралы аталған ұйымның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Зардап шеккендерге мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуына көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Осыған байланысты компания басшылығы биылғы жылдың соңына дейін байланыс қызметтері үшін төлемдерді тоқтата тұруды, абоненттердің қарыздарын және қызметтерді уақтылы төлемегені үшін өсімпұлды жою туралы шешті», - деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Басқарма төрағасы нақтылап өткендей, Әулиекөл ауданына қарасты Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдары тұрғындарының берешегі жабылып, өсімпұлы алынып тасталады.

Сонымен қатар бүгінде аталған компанияның мамандары үш елді мекендегі байланыс желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Өрт салдарынан Аманқарағай мен Озерное ауылдарындағы байланыс желісі орнатылған 50-ге жуық ағаш бағаны жанып кеткен. Мұнымен қоса, жалпы ұзындығы 3 шақырым болатын кабельдер зақымдалған.