Ораза – рухтың азығы. Жусан иісі аңқыған. Құрсақ жалдаудың құны қанша?

Ораза – рухтың азығы. Жусан иісі аңқыған. Құрсақ жалдаудың құны қанша?
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген материалдарға шолу – күн керуені

Мұсылманның ынтымағы артатын мезгіл

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады.

«Қымбатты отандастар!

Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл. Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді»- деп жазылған Президенттің құттықтауында.


Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы

Бүгін, 11 наурызда бүкіл әлем мұсылмандары үшін ең қайырлы да қастерлі ай — Рамазан басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі бүкіл мұсылман қауымды құттықтады.

«Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді берекелі Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: „Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!“ — деп дұға еткен. Сауап еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Құдси хадисте Алла Тағала „Ораза — тек мен үшін. Оның сыйын (сауабын) өзім ғана беремін“ деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. Демек шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығын алуға асыққан абзал. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, Аллаға ұнамды барлық құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, сауапты амалдары еселеніп жазылады»,-деді бас мүфти.

Тоқаев Әзірбайжанға барды

Мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайда Әзірбайжан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Самир Шарифов қарсы алды.

Екі елдің мемлекеттік әнұраны шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.


Құрсақ жалдаудың құны қанша?

Суррогат аналар өз қызметін 2,5 млн-нан 9 млн теңгеге дейін бағалайды. Негізгі шығындар пакетіне әйелдің ақысынан бөлек, оны ай сайын күту де кіреді (200 мыңнан 250 мың теңгеге дейін). Міндетті шығындардың тағы бірі – генетикалық ата-аналарға арналған ЭКҰ бағдарламасын тікелей жүргізу. Ерлі-зайыптыларға бұл үшін 1,5-2 миллион теңге жұмсауға тура келеді. Бұл сома оператив жыныс жасушаларын алу үшін немесе эмбриондарды қосымша генетикалық зерттеу кезінде жедел медициналық процедураларды жүргізу қажет болған жағдайда көбірек болуы мүмкін. Сондай-ақ міндетті шығынға генетикалық ата-аналар мен суррогат ана арасында шарт жасасудың нотариаттық қызметтері кіреді: шамамен 60 мың теңге. Осылайша, суррогат ана бағдарламасының маңызды кезеңдерін өткізу шығыны 6,7 млн-нан 11,3 млн теңгеге дейін барады.

 

26 мың алматылық көлік салығын төлемеген

Борышкерлердің берешегі 3,5 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылғы көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталады. Заңнамаға сәйкес, сот орындаушылары көлік салығын төлемеген азаматтардың банктегі шоттары мен мүлкін бұғаттауға құқылы.

Салық сомасы туралы ақпарат kgd.gov.kz порталында "Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер" сервисінде, сондай-ақ "e–Salyq Azamat" және Каспи банк пен Халық банктің мобильді қосымшаларында жарияланады. Мобильді қосымшалардың барлық пайдаланушысы көлік салығының 2023 жылға есептелген сомаларын көреді және оның төлемін жасай алады.


Қазақстандық студенттер коронавирусқа қарсы дәрі жасап жатыр

Ресейдің Екатеринбург қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттер коронавирусқа қарсы дәрі жасауға үлес қосып жатыр. Орал федералды университетінің арнайы орталығында молекулалар стандартталып, кейін дәрілік зат шығарылады. Вирусқа қарсы препараттан бөлек, диабетке қарсы тұра алатын дәрі жасалып, қазір клиникалық зерттеуден өткізіліп жатыр.


Жусан иісі аңқыған

Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы Альбина Айдарханова ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарды.

Мектеп оқушысының айтуынша, оны ерекше хош иіс жасауға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған.

Бұл хош иіс «Елім-ай» деп аталады. Жас өнертапқыштың айтуынша, әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты.


«Қос мекенділер» көбейген

Қарағанды облысында жыл басынан бері қос азаматтыққа қатысты 400-ден астам дерек тіркелген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданыста бар заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар адам, өзге елдің азаматтығын қабылдаса, 30 күн ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына келіп, Қазақстан Республикасының төлқұжатын және жеке бас куәлігін тапсыруы керек. Тапсырылмаған жағдайда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 496-бабы 2-тармағына сәйкес елден шығару және Қазақстан Республикасы аумағына кіруге 5 жылға дейін шектеу қою, сонымен қатар 738 мың 400 теңге айыппұл қарастырылған.

 

Тартып алудың шебері

Былтыр 8 мамырда гүл сататын дүкеннен гүл шоғын тартып әкеткен экс-полицей тағы да шу шығарып, дәмханада бір әйелдің телефонын тартып алып, қайтарғысы келмеген. Телефонын мас ер адамнан ала алмайтынын түсінген әйел жанындағылардан көмек сұраған. Сыра ішіп отырған ер адамның былтыр 8 мамырда флористі итеріп құлатып, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау аудандық ПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.

 

Салтанаттың  салығы да салмақты

Ұлттық экономика министрлігінде Салық кодексінің жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжаты әзірленді. Онда жеке тұлғаның барлық объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК (2024 жылы 479 960 000 теңге) шегінен асып кеткен жағдайда "сән - салтанат" заттарына салық салуды арттыру туралы ұсыныс жазылған.

 

Қазалының кәмпиті Қытайға кетпек

Қазалының танымал кәмпитіне Қытайдан сұраныс түскен. Тәтті шығаратын цех тәулігіне 400 тонна өнім дайындайды. Қазіргі таңда цехтың қасынан тағы бір цех ашып, жұмыс көлемін ұлғайту жоспарланған.