Олимпиада формасының дизайнына конкурс жарияланды

Олимпиада формасының дизайнына конкурс жарияланды
Сурет: интернеттен

Форма салтанатты рәсімге және жаттығуға киюге арналған болу керек.

Конкурс кезінде келіп түскен жұмыстарды арнайы комиссия құрамы қарап, ортақ шешім қабылдайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Париждегі жазғы Олимпиадаға арналған Қазақстан ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған ашық конкурс жарияланды.

Жұмыс тобының қатарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, даңқты спортшылар мен БАҚ қызметкерлері кіреді. Бұл тізімде Елдос Сметов, Серік Сәпиев, Азамат Дәулетбеков, Жәмила Бақбергенова, Ольга Рыпакова, Әбиба Әбужақынова, Анна Алябьева, Нұрбек Оралбай, Нұрсұлтан Тұрсыновтар бар. Комиссия төрағасы – Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек.

Конкурс екі кезеңге созылады және әрбір кезең жеңімпазы ереже шарттарына сәйкес, комиссия отырысында анықталады.

Конкурс кезеңдері:

I кезеңде комиссия конкурсқа қатысушылар өтініштерін, материалдарын қабылдап, қарайды (2024 жылғы 28 ақпан 20:00-ден 10 наурыз сағат 18:30 дейін).

ІІ кезеңде конкурс жеңімпаздары анықталып, жарияланады (2024 жылғы 13-15 наурыз аралығы).

Конкурс ережесі мен комиссия құрамы және ҰОК командасының киім формасына қатысты бірыңғай нұсқаулығын осы жерден қарауға болады.