Оқушылар қашан қысқы демалысқа шығады

Оқушылар қашан қысқы демалысқа шығады
almaty-akshamy.kz

Қазақстандық мектептерде екінші тоқсан аяқталып қалды. Қысқы демалыс 2023 жылдың 29 желтоқсанынан 2024 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда 10 күнге созылады, деп хабарлайдыalmaty-akshamy.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының қысқы демалысын және бос уақытын тиімді, әрі тұлғалық дамыту мақсатында мектепішілік қысқы каникул іс-шараларының жоспарын әзірлеуде «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негізге алуды ұсынады.

Мектепішілік іс-шара жоспарына ғылыми жоба жұмыстары мазмұны туралы ақпараттық-танымдық сабақтар ұйымдастыруда жоғары сынып оқушылары мен ата-аналар бірлесіп, ЖОО оқытушыларымен кездесу, ғылыми жоба туралы сұхбат жүргізу енгізілген.

«Балалар кітапханасы» жобасы аясында – «Үнемі оқитын адам – табысты адам» тақырыбында оқырмандармен кездесу, оқыған кітаптары туралы талқылау бар.

«Ұлттық мектеп лигасы» жобасы негізінде – білім алушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайтуда білім ұйымдарымен бірлесе «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» спорттық ойындар өткізуге болады.

«Оқуға құштар мектеп» жобасында – «Мен оқыған бір ертегі», «Парасаттылық туралы» тақырыптарында білім алушылармен әңгімелесу;

«Ата-аналар мектебі» жобасын орындауда министрлік – «Қыз намысы – ұлт намысы», «Әкеңнің төріне сенбе, еткен еңбегіне сен», «Отбасылық таланттар» тақырыптарында ата-аналар жиналыстарын өткізуді ұсынады.

Атап өтейік, аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі.