Медициналық мекемелерге 629 миллион теңге айыппұл салынды

Медициналық мекемелерге 629 миллион теңге айыппұл салынды
Сурет: ашық дереккөз

 Жыл басынан бері Алматыда 95 мың медициналық қызмет түрлі кемшіліктермен көрсетілген.

Мәселен, дәрігерлер емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқыған. Сондай-ақ медициналық құжаттарды дұрыс толтырмай, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарды жіберген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тіпті, 10 миллион теңгеге «көрсетілді» деп жазылған көмектің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар болып шықты.

Медициналық сақтандыру қоры талапқа сай жұмыс істемеген мекемелерге 629 миллион теңге айыппұл салды. Қор мамандары стационарлар медициналық қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда бірден хабарлауды сұрады.

Егер пациентке қажетті көмек көрсетуден бас тартылса, онда олар әр медициналық ұйымда құрылған пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады. Егер мұнымен де мәселе шешілмесе, онда азамат 1414 бірыңғай байланыс орталығына немесе медсақтандыру қорының арнайы сайтына жүгінуі керек. Содан кейін қор мамандары сұрақты шешуге кіріседі. Бір нәрсені ескеру керек, шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда емделушінің медсақтандырудан өткені маңызды емес. Ал егер жоспарлы ем-дом болса, диагностикалық тексерулерді күту мерзімі 10 күннен аспауы тиіс, -дейді Медициналық сақтандыру қоры алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.