Мамырда жылдық инфляция 15,9% болды

Мамырда жылдық инфляция 15,9% болды
Сурет: Вusinessmir.kz

Айлық инфляция 0,6%-ға өсті. 

Ұлттық Банкі ел өңірлеріндегі инфляция туралы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

2023 жылдың мамыр айында елде жылдық инфляция баяулап, 15,9%-ды құрады (сәуірде – 16,8%). Аймақтар бойынша инфляция барлық 19 өңірде бәсеңдеді. Ал 1 өңірде (Ақмола облысы) бұрынғы 17,6% деңгейіндегі мәнін сақтай отырып, өзгерген жоқ.

Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Ақмола, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.

Мамырда азық-түлік тауарларының бағасы ж/ж 16,5%-ға дейін (сәуірде – 17,9%) баяулады. Осы топтағы тауарлардың бағасы Маңғыстау облысында (20,7%) барынша жоғары, ал Алматы қаласында (14,3%) мейлінше төмен өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 17,2%-ға дейін баяулады (сәуірде – 18,2%). Ең жоғары мән Астана қаласында (23,6%), ең төмен мән Алматы облысында (14,1%) тіркелді.

Мамырда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы ж/ж 13,5%-ға дейін баяулады (сәуірде – 13,7%). Бұл ретте жалпы республикалық деңгейден баға Ақмола облысында (18,1%) біршама жоғары, Астана қаласында (10,2%) айтарлықтай төмен өсті.

2023 жылғы мамырда елде айлық инфляция 0,6%-ға өсті. Бұл тарихи орташа мәннен (2017-2021 жылдары мамырда 0,5%) жоғары.