Алматының хайуанаттар бағында сусиыр төлдеді

Алматының хайуанаттар бағында сусиыр төлдеді
Cурет: Михаил Сорокоумов

Хайуанаттар бағындағы жануарлар саны біреуге көбейді.

Зообақтың мәліметінше, кішкентай сусиырдың әкесінің есімі – Джамбо. Ол 2007 жылы өмірге келген. 2009 жылы Израильден Алматы хайуанаттар бағына әкелінген. Оның сыңары Лотти 2010 жылы өмірге келген. 2018 жылы Франциядан Алматы зообағына әкелінген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Олар бірден жұп болмады. Алғашқы кезде Джамбо Лоттиді сүзіп, қарсылық көрсететін. Уақыт өте келе екеуі тіл табысып кетті. Лотти 22 мамыр күні төлдеді. Кішкентай ұрғашы сусиырдың салмағы 38 келі, бойы 50 см. Қазір олардың жағдайы жақсы. Екеуі даладағы қоршауға орналастырылды», - деп хабарлады зообақтың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ зообақ ұжымы кішкентай сусиырға ат қою үшін оқырмандарға Instagram парақшасында ұсыныс пікірлерін қалдыруды, үздік есімді зообақ ұжымы таңдап алатынын хабарлады. Одан бөлек, зообақ ұжымы «Африка саваннасы» кешені құрылысының жобалық-сметалық құжатын дайындауды бастағанын мәлім етті.

«Алдағы уақытта бұл жерде сусиырлар, пілдер, керіктер, зебралар мен антилопалар тұратын болады. Жоба уақытында жасалса, келесі жылы құрылысты бастаймыз», – деп хабарлады зообақтан.