Мәслихат депутаттары Алматы қаласының алдағы үш жылға арналған бюджетін қолдады

Мәслихат депутаттары Алматы қаласының алдағы үш жылға арналған бюджетін қолдады
almaty-akshamy.kz

Кезектен тыс ХІІ сессияда мәслихат депутаттары Алматы қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін қолдап, бекітті. Сессия жұмысына мегаполис басшысы Ерболат Досаев, депутаттар және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Осылайша, Алматының 2024 жылға арналған бюджеті 1 трлн 624 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ағымдағы шығыстарға бюджеттің 1 трлн 110 млрд теңге (68,4%) бағытталатын болады. Қаланың даму бюджеті 233 млрд теңгені (14,4%) құрайды.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, қала бюджеті әлеуметтік бағытты сақтап, бірінші кезекте Алматының орта мерзімді дамуының негізгі бағыттары бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыруға бағдарланған. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және жаңғыртуға, білім беру және денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше назар аударылатын болады.

«Егер 2022 жылдың аяғында әлеуметтік саланың бюджеті 506,4 млрд теңгені құраса, 2023 жылы ол 160 млрд теңгеге – ағымдағы жылдың қараша айында 665 млрд теңгеге дейін өсті. 2024 жылы әлеуметтік салаға 726 млрд теңге бөлу жоспарлануда, бұл Алматы қаласының бюджет шығыстарының 44,7%–ын құрайды», - деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, 2023 жыл «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» іске асырудың алғашқы жылы болды. Мәселен, осы жылдың 10 айында экономиканың серпінді өсуі қамтамасыз етілді, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 13,1% - ға өсті (ҚР бойынша 1 орын). Қала экономикасын дамытудағы оң динамика бюджет кірістерінің 34,5%-ға – 4,9 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етті, бұл ретте республикалық бюджетке өсім – 35,4%, ал жергілікті бюджетке 32% құрады.

Бұдан бөлек, депутаттар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға біржолғы төлемді 150 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ұлғайтуға дауыс берді. Осылайша, қалада тұратын 670 «желтоқсандықтарға» биыл Тәуелсіздік күніне орай төлемдер ұйымдастырылады.

Сессия қорытындысы бойынша Алматы қаласы Дін істері басқармасының қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын жақсарту, атап айтқанда, лауазымдық жалақыны екі есеге арттыратын ынталандырушы үстемеақылар орнату бекітілді. Қызметкерлердің қазіргі еңбекақысы 105 209 теңгеден 152 681 теңгеге дейін (салық шегерілгенге дейін) құрады.