Құлыбаев пен Өтемұратов он үш жыл отырған орындарын босатты

Құлыбаев пен Өтемұратов он үш жыл отырған орындарын босатты
Сурет: Ulysmedia.kz

Forbes Қазақстан елдің ең ықпалды 50 бизнесменінің жыл сайынғы рейтингін жариялады.

Рейтинг авторлары тізімнің басында алғаш рет осы уақыт ішінде бір-бірімен бірінші орынды бөлісіп келген Тимур Құлыбаев пен Болат Өтемұратовтың тізім басынан кеткенін атап өткен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Бірінші рейтингтен бастап ондағы ең жоғарғы орынды кезекпен Тимур Құлыбаев немесе Болат Өтемұратов иеленіп келді. Міне, он үшінші ретке келгенде көшбасшының сары жейдесі басқа біреуге өтті. Биыл тізімді Kaspi.kz негізін қалаушы және үш ірі акционердің бірі,  54 жастағы Вячеслав Ким бастады. Он үш жыл бұрын ол 15-ші орында болатын», - делінген басылымда.

Сондай-ақ, үздік 50-лік алты жаңа есіммен толыққаны анықталды. Олардың қатарында Kusto Group бойынша Еркін Тәтішевтің серіктесі, YPO Kazakhstan-ның жаңа төрағасы болып сайланған және «Бәйге» ұлттық федерациясын басқарған 47 жастағы Қанат Көпбаев бар.

Сондай-ақ, тізімнен белгілі кәсіпкер Рашит Сәрсеновтың 38 жастағы ұлы – Эльдар Сәрсенов те көрінді, оған бұрын әкесіне тиесілі Нұрбанк пен «Виктория»сақтандыру компаниясындағы мажоритарлық үлестер ауысты.

Respublica парламенттік партиясының 39 жастағы төрағасы және VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров алғаш рет рейтингтен көрінді.

Қалталылар тізімінде Құлыбаевтардың іскер серіктесі және олардың бизнес-империясындағы көптеген ірі құрылымдардың басшысы 61 жастағы Раушан Сағдиева да бар.

«Алғашқы 50-лікке қайтып келгендер арасында ықпалды бизнесмендердің бірі Ғалымжан Есеновтың кейсі ерекше қызық  болып отыр, ол оның АТФ банкі мен Jusan банкі  акцияларын айырбастағаннан  кейін тізімнен шығып қалған болатын», - делінген басылымда.

Үздік ондыққа Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев, Владимир Ким, Тимур Турлов, Александр Машкевич, Нұрлан Смағұлов, Айдын Рахымбаев, Александр Белович, Эдуард Огай кірді.

Рейтинг- Forbes Kazakhstan журналистік басылымының жасаған баға беруі және оны құжат немесе ресми ақпарат ретінде пайдалануға болмайды.

Вячеслав Ким — Kaspi Bank иелерінің бірі, әлемдік рейтингте 1513-тен 787-орынға көтерілді. Оның кірісі бір жыл ішінде екі есеге жуық өсті.  Егер өткен жылы Кимнің табысы 2 миллиард долларды құраса, биылғы жылы ол 3,6 миллиард долларға жетті.