Көлік министрлігінде су тасқыны кезеңіне дайындық барысы талқыланды

Көлік министрлігінде су тасқыны кезеңіне дайындық барысы талқыланды

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев көктем және жаз маусымдарында жолдарды пайдалану әрі күтіп-ұстау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Жиынға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және «Қажсервис» ЖШС облыстық филиалдарының басшылары қатысып, кездесу барысында жолдарды су тасқыны кезеңіне дайындау мәселелері және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді мақсатты бағдарлама аясындағы жұмыс жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Күн тәртібіне шығарылып, талқыланған басты мәселе – қалың қардың еруі мен су тасқыны болуы ықтимал жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын сақтап қалу мәселелері болды.

Талқылау барысында су тасқыны болуы ықтимал республикалық трассаларда қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірлескен іс-қимылдың жеделдігі мен дұрыс үйлестірілуінің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен бірге жол құрылыстарын нығайту, инертті материалдар мен қаптарды дайындау, жолдардың жай-күйін бақылау мәселелері сөз болды.

Бұдан басқа қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді мақсатты бағдарламаны іске асыруға енгізілген жоспардың жүзеге асырылуы қаралды. Аталған іс-шаралар шұңқырларды жөндеу, жарықтарды толтыру, жол белгілерін орнату және ауыстыру жұмыстарын қамтиды. Бағдарлама щеңберінде қарастырылған іс-шаралар кешені жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиынды қорытындылаған вице-министр мақсатты бағдарламаны іске асыру барысында барлық құрылымдық бөлімшенің келісілген жұмысының қажеттілігін атап өтіп, су тасқыны кезеңінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерге ерекше назар аударды.