Қытайдың кино саласының дамуына қазақ қызы үлес қосып жүр

Қытайдың кино саласының дамуына қазақ қызы үлес қосып жүр
Сурет: Жанар Сағат

Шетелдегі қазақтардың басын қосқан «Отандастар» форумына Қытайдың танымал режиссері Жанар Сағат келді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.  

Ол кино, телевизия саласында режиссер болып жұмыс істейді. Қытай астанасы Бейжіңде тұрады.

Мен Кеңес Одағы кезінде Мәскеудің кино академиясында оқығанмын. Сол жерде режиссерлік мамандығын алып шығып, Бейжіңге қайттым. Содан бері өз мамандығым бойынша жұмыс істеп келе жатырмын. Кеңес Одағы жаңа ыдыраған кезде ТМД елдерінің «Мир» телеарнасы болған, сонда 1-2 жылдай тележүргізуші болдым. Бірақ, мамандығыма деген құштарлық менің кино саласына қайтып келуіме түрткі болды. Түсірген өнімдеріміздің басым бөлігі тарих тақырыбында өрбіді. Енді сол түсірілген телехикаяларымның басым көпшілігі ұлттық марапаттарға ие болды, - деді ол. 

Жанар Сағат жер-жердегі отандастарды жинап, осылай қауышуға мүмкіндік жасаған «Отандастар» форумының ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. 

«Отандастар» форумына алғаш рет қатысып отырмын. Маған өте ұнады. Кешеден бері ерекше жылылық танытып, шынайы көңілмен бізге құрмет көрсетіліп жатыр.  Ұйымдастырушылар аса ыждаһаттылықпен дайындалғанын бағдарламаларынан байқауға болады. Дүние жүзінің әр жеріндегі қазақтардың басын қосып, бір-бірімізбен пікір алмасуға, емен жарқын сөйлесіп, танысып - білісуге мүмкіндік жасаған «Отандастар» қорына рақмет дейміз, - деді ол.